Қайыңды көлін сақтап қалу үшін бөгет салу қажет

1924

Соңғы жылдары аталмыш су қоймасында су деңгейі айтарлықтай төмендеді.

Қайыңды көлін сақтап қалу үшін бөгет салу қажет

Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Кеген ауданына жасаған жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz әкім сайтына сілтеме жасап.

Марат Сұлтанғазиев "Көлсай көлдері" ұлттық паркіне барды. Күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі ретінде Қайыңды көлін сақтап қалу ісі тұр. Соңғы жылдары аталмыш су қоймасында су деңгейі айтарлықтай төмендеген, оны сақтау үшін бөгет салу қажет. Бөгетті орнатпас бұрын ең алдымен Экология министрлігімен бірлесе бірқатар мәселелерді пысықтау керек.

Дейтұрғанмен жақын арада көлге апаратын жолдың құрылысы басталып, электр желісі тартылатын болады.

Ондан кейін Кеген ауданының әкімі облыс әкіміне сүзу алаңдарындағы жұмыстың басталғаны жайлы хабарлады.

"Аудандағы таулы аймақтар кәріз желілерін тартуға мүмкіндік бермейді. Біз сүзу алаңдарын салатын орынды белгіледік. Осы жұмысты іске асыру үшін бізге қолдау қажет", – деді Талғат Байеділов.

Әкім Қайыңды көліне апарар жолды ретке келтіру керектігін айтты. Дегенмен салынатын жол көлдің өзіне дейін жетпеу керегін ескеру қажет деді. Ұлттық саябаққа кіретін барлық көлдерде санитарлық аймақ сақталуға тиіс. Бөгет салу мәселесі облыс әкімдігі арқылы министрлікпен бірге пысықталады.

Ұлттық парктің директорының айтуынша, қазіргі таңда атты және жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жобасы әзірленіп жатыр және жергілікті әкімдік пен өз қаражаттары есебінен биоәжетханалар сатып алынатын болады.

Қазіргі таңда саяхатшылар арнайы туристік автобустармен, я болмаса өздерінің көліктерімен Көлсай көліне дейін барады. Демалыс күндері келушілердің саны артқандықтан, автокөлік тұрағы лық толады, сәйкесінше ауа ластанады.
Оның үстіне санитарлық талаптарға сай келмейтін қоғамдық тамақтану орындары автотұрақ аймағында орналасқан.

Облыс әкімі іштен жану қозғалтқышы бар көліктердің барлығы Саты ауылында қалу үшін логистиканы қайта қарап шығуды тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін туристтік полиция бөлімшелері мен фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәселелерін де қолдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу