Қазақстанда қара базарлар саны кеміп, саудагерлер ірі сауда үйлеріне қарай біртіндеп көшіп жатыр. Бұл туралы "Қазақстан сауда кәсіпорындары" қауымдастығының вице-президенті Қайырлы Таукен айтты, деп хабарлайды elorda.info.
"Елімізде базарлардың саны жылдан-жылға азайып барады. Егер 2004 жылы ресми тіркелген 935 базар болса, 2014 жылы – 752, 2015-те –717-ге дейін азайды. Бұлар – ресми тіркелген базарлар. Олардан бөлек, тіркелмегендері тағы бар. Базарларда 700 мың адам жұмыс істейді. Оның сыртында, бір сауда орны қосымша 3-4 адамның жан бағуына мүмкіндік жасайды. Осылайша, Қазақстанда 1,5-1,7 млн адам базардың арқасында күн көріп отыр деп сенімді түрде айта аламыз", - деді Қайырлы Таукен.
Ал базарлардан түсетін төлемдер мен салықтар туралы нақты мәліметтерді келтіру қиын. Супермаркеттер мен гипермаркеттерде бұл мәселені анықтау жеңіл. Себебі, олар бір ғана заңды тұлға. Ал базарларда кәсіпкерліктің субъектілері өте көп. Негізінен, олар – шағын және орта бизнес өкілдері. Екіншіден, базар тауарды сатумен немесе сатып алумен айналыспайтынын ескеруіміз керек. Базар – сатушы мен сатып алушының кездесетін жері. Базар олардың өзара келісімге келуіне жағдай жасауы керек. Үшіншіден, базарлар сауда орындарын жалға беретіндіктен жеке құн салығын төлейді. Еліміздің салық заңнамасына сәйкес оның мөлшері – 20 ЖҚС. Бұдан өзге, жер салығы және бар.
"Ел экономикасындағы базарлардың үлесі қандай? Менің ойымша олар әлі өз мүмкіндіктерін сарқып біткен жоқ. Қайта бүгінгідей дағдарыс кезеңінде әлеуеті арта түсті десем, артық айтқаным болмас. Халықтың 70%-ы әлі де базарда сауда жасап, керек-жарағын алады. Олардың дені әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдері – зейнеткерлер, студенттер, бюджет саласының қызметкерлері. Базарлардың ел экономикасында алатын орнын осыдан-ақ аңғара беріңіз", - дейді вице-президент.
Қауымдастық вице-президентінің айтуынша – базар деген қазақ менталитеті. Шығыс елдерінің ажырамас бір бөлігі. "Сондықтан, менің ойымша, біз базарлардан бас тарту арқылы дәстүрлі құндылықтан қол үземіз. Екіншіден, жұмыс таппай қиналған жұртты барар жерінен айырамыз. Мәселен, ауылдардан жыл сайын мыңдаған жас қалаға келеді. Олардың барлығы бірдей оқуға түсіп, жақсы жұмысқа орналасып кетпейді. Біразы базарды жағалайды. Сол жерден жұмыс табады және базар сол жұмысты береді. Мейлі ол арба айдасын, мейлі палау пісірсін. Бірақ ас-суын айыратын, баспанасын жалдауға жетерлік қаражатын табады. Ерінбей еңбек етсе, үлкен кәсіпке де жолдама алады. Өткен 20-25 жылға үңілсек, бүгінде ірі корпорацияларды басқарып отырған бизнесмен ағаларымыз кәсіптерін базардан бастаған. Сондықтан базарлар келмеске кетеді, олар қажет емес деген әңгімені айтуға әлі ертерек", - дейді Қайырлы Таукен.