Қарағанды облысында алаяқтардан зардап шеккендер көбейді

911

Өңірде жыл басынан бері 650 азамат интернет-алаяқтардың құрбаны болған.

Қарағанды облысында алаяқтардан зардап шеккендер көбейді

Қарағанды облысында соңғы жылдары интернет арқылы оңай ақша тауып пайдаға кенелуді көздегендер көбейген. Облыста жыл басталғалы интернет-алаяқтық саны 273-тен 638-ге дейін жеткен.

Октябрь ауданының тұрғыны өзге бір азаматтың жеке куәлігін пайдаланып 400 мың теңгеден астам сомаға бірнеше рет онлайн несие рәсімдеп жіберген. Бүгінде бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, іс сотта қаралуда.

Ал Шахтинск қаласының тұрғыны интернетте арзан бағаға сатылған ұялы телефонға қызығып алданып қалған. Ол  жалған интернет дүкеніне 330 мың теңгеден астам қаражатты аударып жіберген. Алаяқтар көп жағдайда өз айласын іске асыру үшін арзан баға ұсынады әрі тиімді көрінетін акцияларды жарнамалап отырады. Қарағанды облысының прокуратурасы тұрғындарға  интернет арқылы сауда-саттық жасағанда абай болуға шақырады.

"Ұсынылған тауарлардың құны нарықтық бағадан едәуір төмен. Науқан, саны шектеулі, сатып алуға асығыңыз" т.б осыған ұқсас сөздерге сақтықпен қараңыз. Егер интернет дүкеннің өкілі тапсырыс беруге немесе тауар құнын төлеуге асықтыра бастаса, сатып алудан бас тарту керек. Алаяқтар тауарды жіберу туралы жалған түбіртек ұсынады, қызметтеріне алдын-ала төлем жасауды ұсынады және көзбе-көз қарым-қатынасқа бармайды. Сатушының толық тіркеу деректері жоқ парақшаларға күмәнмен қараңыз. Интернеттегі пікірлерді мұқият зерделеңіз. Алаяқтар ақшаны  анонимдік төлем жүйелері арқылы немесе жеке тұлғаның картасына аударуды ұсынады. Мұндай жағдайда тауарды қайтаруға кепілдік жоқ",– деп ескертеді Қарағанды облысының прокуратура мамандары.

Сондай-ақ, құзырлы орын өкілдері бейтаныс адамдарға жеке құжаттардың фота суретін жіберуден және үшінші тұлғалар үшін несие рәсімдеуге келісуден бас тартуға шақырады. Қазіргі уақытта банк карточкаларынан ақшаны қолды ету де жиілеп кеткен. Сол себепті түрлі банк менеджерлері ретінде хабарласқан адамдарға банк карточкасының нөмірін, кодтарды түрлі логин парольдері туралы ақпаратты бермеген дұрыс. Бейтаныс жандардың кеңесімен телефонға бөгде қосымшаларды орнатпаған абзал.  Осындай қоңырау түскен соң дереу арада банктің Call - орталығына қоңырау шалып, мән-жайды білу керек.

Прокуратураның мәліметінше "Viber" мессенджерінде алаяқтар көп әрекет етеді. Олар банктердің жалған аккаунттарын жасап, сауалнамадан өтуді және сол үшін сыйақы алуды сұрайды.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу