Қарағандыда Әлихан Бөкейханның муралы салынды

1855

Әлихан Бөкейханның шырақшысы атанған Тұңғышбай Мұқан және Зарина Әшірбек бастаған Қарағанды жастары үш ай бойы биліктен Алаш арысының суретін салуға рұқсат сұраған.

Қарағандыда Әлихан Бөкейханның муралы салынды

Алаш қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның муралы Алаш арысының есімімен аталған ауданда пайда болды. Республика күні қарсаңында Әлихан Бөкейхан ауданындағы  Карл Маркс көшесіндегі тоғыз қабатты үйдің қабырғасына Алаш қайраткерінің суреті салынды.

Әлихан  Бөкейханның ескерткіші мен муралы өңірде салынса деген өтінішті бастапқыда Әлиханның шырақшысы Тұңғышбай Мұқан көтерген екен. Алаш арысының атымен аталған аудандағы тұрғын үйдің біріне Әлихан Бөкейханның суретін салу қиын болған. Билік тарапынан бұл бастамаға рұқсат берілмей, мәселе ұзаққа созылған. Тұңғышбай Мұқан Алаш арысының суреті сол ауданда салынуы керек деген өтінішті облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов пен Қарағанды қаласы мен Әлихан Бөкейхан атындағы  ауданы әкімдеріне де айтыпты. Алайда әкім қаралар әдеттегідей бұл мәселені шешуді ұзаққа созып жіберген. Үйдің қабырғасына салу үшін тұрғындар рұқсат етпейді деген себеп айтқан. 

"Бұл бастаманы былтырдан бері ойластырып, айтып келемін. Өткен жылы Әлиханға аудан атауы берілгенде мәдениет үйінің алдына болашақта Алаш арысының ескерткішінің орнына деп пилон қойғызды. Ол өте нашар шықты, тұғыры биік болмады. "Мыналарың ұят болады" деп биліктегілерге айтып жүріп әзер дегенде оны алғызып тастадым. Сосын биліктегілердің табалдырығын тоздырып жүріп "Тұрғын үйдің қабырғасына мурал салғызайық" дедім. Үш ай бойы биліктегілерге айттық қасымда кәсіпкер азамат белсенді, Ермек Әбілдин де болды. Ақыр соңында шенеуніктердің батылы барып, мұны жасай алмаған соң қалалық маслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтановқа бардым. Үш айда шешпеген мәселені сол кісі он күнде шешті. Мен ол кісіге барғанда "осы аудандағы бір үйге сәукеле киген қыздың суреті еш шусыз салынды, сонда Әлиханның бағасы сәукеле киген қыз құрлы болмағаны ма?" деп намыстарына тидім. Мәселе бүгінгі жастар Әлиханды білмейді, оған аудан аты берілген соң оның ескерткіші суреті әр бұрышта тұруы міндетті. Бүгінгі  ұрпақ батыр тұлғаның есімін ерлігін білуі тиіс қой ", - дейді Әлиханның шырақшысы Тұңғышбай Мұқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу