Қарағанды қаласына елу шақырымдай қашықтықта орналасқан Қарағанды көмір бассейніне тиесілі "Қазақстан" шахтасында қайғылы оқиға тіркелді. Кен орнының түпкі жағындағы бункер ішінен 1980 жылғы кенші Юрий Рыбкиннің денесі табылды.
Юрий Рыбкин кеншілермен бірге екінші ауысымда температуралық режимге сай, кен орынындағы қазандық жүйесінің жұмысын реттеуге тапсырма алған. Жұмыс барысында кенші түнгі бірдің шамасында жоғалып кеткен. Бастапқыда қазандық жүйесінің жұмыскерлері Юрий Рыбкинді өздері іздеп көрген. Кеншіні таба алмаған соң, таңғы 4,35 минутта шахтаның кезекшісіне хабар берген. Таңертеңгі уақыттан бастап іздестіру жұмыстарына кіріскен "Көмір" әскери авариялық-құтқару қызметі кеншінің денесін көмірмен қоса бункерден тауып алған.
"Шамамен түнгі сағат он бір жарымда қазандық бункеріне көмір салу жұмыстарын электрослесарь мен шебер Юрий Рыбкин атқарған. Электрослесарь көмірдің сұрыпталу процессін,арнайы көлік кузовінің көмірге толу жағын қадағалаған. Ал Юрий Рыбкин қазандық бункерін арнайы құрылғымен толтыру процесін қадағалап тұрған. Көмірді толтыру жұмысы сенбі күнгі түнгі 1.15 сағатта аяқталған. Осыдан кейін ешкім Юрий Рыбкинді көрмеген",– деп хабарлайды "Қазақстан" шахтасының басшылығы.
Кен орнында бақилық болған кенші Юрий Рыбкин "Қазақстан" шахтасында тоғыз жыл бойы жұмыс жасаған. Еңбек еткен жылдарының үш жылында ғана өз мамандығы бойынша жұмыс атқарған. Қазіргі таңда кеншінің өмірі қиылған қайғылы жағдайдың себеп салдарын анықтау мақсатында мемлекеттік комиссия құрылған.
Арайлым Еркебаева