Алайда, қала басшылығы бұнымен келіспей отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Осыдан 2 күн бұрын апаттың орын алғанына алты ай толды. 28 қазанда Костенко шахтасында метан жарылып, 46 кенші қаза тапқан болатын. Төрт күн бойы іздеу жүргізіліп, көбі бөлшектенген күйде табылды. Осы уақыт ішінде туыстары шахтада күтті. Бұл апат Тәуелсіз Қазақстандағы ең ірі апат болып саналады. Бұл жағдайдан соң Лакшми Миттал елден кетіп, оның орнын Андрей Лаврентьев келді. Осылайша, "АМТ" "Қармет" деп өзгертілді. Осы уақытқа дейін қаза тапқандардың жесірлері, ата-аналары мен балалары шахтаға келе алмайды. Бірақ, дәл сол жерде басшылық қаза тапқандарды еске алу ескерткішін тұрғызбақшы.
"Осы үкіметтен сұрайтынымыз бір ақ нәрсе осы мемориалды осы жерге қойып берсе екен. Шахтаға біз қарсымыз, өте қиын ол жаққа бару. Мен төрт баланың анасымын. 30 жасымда жесір қалам деп ойлаған жоқпын. Баламның ең кішісі екі жарым жаста", - деді қайтыс болған кеншінің жұбайы Ләззат Жұмаділова.
"Менің жолдасым 16 жыл шахтада істеп, қаза тапты. Баламның кішісі 12 жаста. Ол шахтаға бет қарап бара алмаймын. Өте қиын. Мына жерді сұрап тұрмыз. Ағаштары қурап қалыпты. Балаларымызды осында әкеп, ерлікпен қаза тапқанын көрсеткіміз келеді. Уәделеріңіз қайда? Неге орындамайсыздар? Айттыңыздар ғой бәрін жасаймыз деп. Бізге көп нәрсе керек жоқ", - деді қайтыс болған кеншінің жұбайы Маржан Адамбаева.
"Трагедия күні менің үлкен әпкем, небәрі 28 жаста, инсульт алды. Осыған байланысты, менің ойымша оған шахта аумағында болу өте қиын болады", - деді қайтыс болған кеншінің қызы Камила Ерғалиева.
Сонымен қатар, шахтаға жету қиын. Мұнда тек бір ғана автобус жүреді. Оның өзі бір жарым сағат сайын. Қаза тапқандардың туыстары орталық саябақта ескерткіш орнатуды сұрайды. Бүкіл комиссия сәулетшімен, суретшімен және әкімнің орынбасарымен жиналып, орынды таңдады. Олар 2006 жылы орнатылған қаза тапқан кеншілер ескерткішінің жанында тоқтады. Бірақ, содан кейін олар айнып қалған.
"28 күні алты ай өтті. Сол күн көз алдымызға келеді. Менің жолдасым 7 жыл істеді. Сол жерде құрмет тақтасына шықты. Барған сайын соны көріп, жылаймын. Мен қыздарымды сол жерге қалай апарамын. Олар "мама, папамызды алып шықшы" деп сұрады. Қарағанды өзі кеншілер қаласы ғой. Осы жерді берсінші", - деді қайтыс болған кеншінің жұбайы Ләззат Жұмаділова.
Қармет мемориалды шахта аумағында қалдыруды, ал, қолданыстағы ескерткішті саябақта орнатуға шешім қабылдады. Ескерткіштің авторы Игорь Баграмов.
"Қызметкерлердің отбасыларының қалауы бойынша монументпен қатар Қарағанды қаласының орталық саябағында да ескерткіш белгі қойылады. Ол да қаза тапқандардың отбасыларына таныстырылды", - деп жауап берді "Qarmet" компаниясының еңбек қатынастары жөніндегі директоры Ерболат Дүйсіпов.
Бірақ, бұл стелла қайтыс болғандардың туыстарын қанағаттандырмады. Ол жерде қаза тапқандардың есімдері жазылмаған. Қазір суретші эскизді шұғыл түрде қайта жасап, 46 кеншінің есімдерін жазады.