Қарағандылықтар ішуге жарамсыз бұлақ суын тұтынып отыр

249

Қарағанды тұрғындары жылдар бойы қала ішіндегі 3 бұлақтан су ішіп келеді, деп хабарлайды  inbusiness.kz сайты.

Қарағандылықтар ішуге жарамсыз бұлақ суын тұтынып отыр Фото: scientificrussia.ru

Қарағанды тұрғындары жылдар бойы қала ішіндегі 3 бұлақтан су ішіп келеді. Жұрт табиғи тіршілік нәрі анағүрлым пайдалы әрі таза деп біледі. Бірінің суы осыдан 6 жыл бұрын ішуге жарамсыз деп танылған. Ол туралы сот шешімі де бар. Алайда жұртшылық оны тұтынуды тоқтатқан емес. Қала аумағындағы бұлақ көздерінің суы қаншалықты сапалы?

"Міне, бұл – қаладағы табиғи су көздерінің бірі. Тұрғын үйлерге жақын болғандықтан, мұнда күніне 100-ге жуық адам келеді. Суы тұщы әрі сапалы", - дейді тұрғындар.

Мұрат Бекжанов қалаға 5 жыл бұрын көшіп келген. Үйі бұлақтың дәл жанында орналасқан. Отбасымен осы жерден су алып ішеді. 

"Жақсы суы, жұрттың барлығы осы арадан алады. "Баклажкамен, флягпен" келіп алады. Енді мен осы арада 4-5 жылдан бері ішіп жүрмін, осы араға көшіп келгелі бері. Одан бері өзгерген емес. Тамаққа да осының барлығын қолданамыз", - деді қала тұрғыны Мұрат Бекжанов. 

Мамандардың айтуынша, мына бұлақтың суы ішуге жарамсыз. Себебі құрамында нитриті көп. Бұл ішек, асқазан ауруын тудыруы мүмкін. 6 жыл бұрын суын тұтынуға тыйым салынған. Өткен айда жүргізілген зертханалық тексерудің қорытындысы да осыны растады. Алайда "табиғи су таза болады" деген сеніммен жүрген жұрт бұл жерден әлі су алып ішеді. Бұлақ қаланы сумен қамтамасыз ететін компанияға тиесілі.

"Біздің балансымызда құрылыстың өзі ғана. Шығып жатқан су біздікі емес. Сол себепті біз оны жаба алмаймыз. Сондай-ақ қасындағы тұрған үйлердің астына су кетеді. Іргетасы бүлінуі мүмкін. Осы мәселелермен оны жаба алмай жытырмыз. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз", - деді компанияның бас технологы Жалғас Өксікбаев. 

Ал өзге 2 бұлақтың иесі жоқ. Олардан 3 ай сайын сынама алынып тұрады. Сәуір айында болған зертханалық тексеріс қорытындысы бойынша суы ішуге жарамды делінген.

"Бұл бұлақтардың суында кей кездері нитриттер мен хлоридтер көбейіп кетеді. Сондықтан олардың суы үнемі талапқа сай деп нақты айта алмаймыз. Себебі су құрамы жыл мезгіліне байланысты өзгеріп тұрады", - деді облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Анитова. 

Көктемде бұлақтың ғана емес, тіпті құбырдан аққан судың да сапасы төмендейді. Сол себепті суды қайнатып ішкен абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу