Карантин аумағы қала сыртындағы елдімекендерге дейін кеңейтілді

1385

Елордада барлығы 7 блок бекеті қызмет етеді.

Карантин аумағы қала сыртындағы елдімекендерге дейін кеңейтілді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен елордаданы қоршай орналасқан бақылау-өткізу бекеттерінің саны жетеу екенін айтты.

"Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне, мемлекет басшысының тапсырмасына және қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты, қосымша шектеулер мен антиэпидемиялық шаралар қабылдануда. Елордада 19 наурыз күні сағат 00:00-де карантин режимі енгізілді. Нұр-Сұлтан қаласына көліктердің кіріп-шығуын реттеу үшін қала шеңберінде 6 және Ақмола облысында 1 блок бекеті орнатылды. Елордада барлығы 7 блок бекеті қызмет етеді. Осы блок бекеттерде Қорғаныс министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі және Ішкі істер министрлігі қызметкерлері тиісті іс-шараларды атқарып жатыр", – деп мәлім етті елорда әкімінің орынбасары.

Бахтияр Мәкеннің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі елорда маңындағы елдімекендер тұрғындарының да қозғалысы мәселесін реттейді.

"Тағы бір айта кетерлігі, қала басшылығы Талапкер, Қоянды, Қосшы, Жібек жолы, Шұбар ауылының тұрғындарының қозғалысы мәселесін реттейді. Бұл елдімекендердің тұрғындарының қозғалыс ережесі қалалықтармен теңдей қарастырылады. Санитарлық-эпидемиялық талаптарға сай, карантин аумағы қала сыртындағы елдімекендерге дейін барынша кеңейтілді. Яғни, бұл блок бекеттер осы ауылдардың сыртында орналастырылды", – деп атап айтты ол.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу