Қарт Ертіске қатер төніп тұр

501

Бірнеше мемлекеттің аумағымен өтіп Обь өзенімен бірге Солтүстік мұзды мұхитқа құятын қарт Ертіске қауіп төніп тұр

Қарт Ертіске қатер төніп тұр

Жылдан жылға арнасы тартылып барады. Сарапшы мамандар, енді бір оншақты жылда Ертісті кешіп өтетіндей жағдайға жетеді, деп қорқытып отыр. Биылдың өзінде өзеннің әр жерінен аралдар пайда бола бастады. Шұғыл түрде шара қолданбаса бармақ тістеп қалуымыз бек мүмкін. Ол үшін не істеу керек?

Қытайдан бастау алатын Қара Ертіс Павлодар облысының тұсына келгенде 5-тен 20 шақырымға дейін жайылады. Бір екі аптаға созылатын көктемнің бұл кезеңінде балықтар уылдырық шашып, тоғайдағы шабындықтар суға толады.  Биыл, Шығыстағы қоймалардан су жіберу бекітілген кестеден ауытқып кетті. Салдарынан өзеннің арнасы тартылып, суы азайып қалды.

"Биылғы жылы Ертісте су айтарлықтай аз болды. Оның барлығы өткен қыста қар аз түскеннен. Содан болып шығыстағы су қоймаларының деңгейі төмендеп, бізге су бекітілген кестеден аз жіберілді", - деді гидролог Антон Чашин.  

Биыл Шүлбіден Ертіс өзеніне 32,1 пайыз ғана су босатылды. Бұл соңғы он жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Былтыр да аса мандымады алпыс бес проценттей ғана.

"Ертістің жағдайы адам шошырлық. Бұлай жалғаса берсе қалі тіптен мүшкіл болып алып өзеннен айырылып қаламыз. 2030шы жылы, тіпті одан бері 2028 жылдан кейін суы сирақтан келетін болады. Өйткені, Қытайда су тапшылығы болады. Сондықтан олар Қара Ертісті бөгеп тастайды", - дейді сарапшы маман Юрий Павленко.

Ертіс өзенінің арнасы жылдан жылға тартылып бара жатыр. Мамандардың айтуынша, бұлай жалағаса беретін болса 2030 жылдардан кейін Ертісті кешіп өтетін жағдайға жетеміз, дейді. Оған сенбеске амал жоқ. Өйткені, өзеннің ортасынан аралдар пайда бола бастады. Міне мына арал былтыр болмаған. Ал, биыл көріп тұрғандарыңыздай.

Өзен суы таязыған сайын ластанып та барады. Су астынан балдырлар мен түрлі өсімдіктер өсіп шығуда. Экожүйе бұзылса балықтар да баз кешеді. Су ресурсы елдегі ең өзекті мәселенің бірі екенін күні кешегі жолдауында Тоқаев та айтты. 2040 жылдарға қарай су тапшылығы туындап 12-15 млрд текше метрге жетеді деген болжам бар. Сондықтан да Президент тіршілік нәрін үнемдеуге шақырып отыр. Суға жауапты жеке министрлік те құрылды.

"Халқымыз "Судың да  сұрауы бар" деп бекер айтпаған. Су дегеніміз  үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда еліміздегі 15 су қоймасына күрделі жөндеу жасап, жаңадан 20 бөген салу қажет екені айтылды. Ертіс өзенін өз аумағында сақтап қалу үшін Павлодар облысы да су қоймасын салмақ ниетте. 

"Павлодар облысы аумағында су қоймасын салу ойыма келді. Біріншіден, гидрогеологтармен бірлесіп орналасатын орнын белгілеуіміз керек. Осыдан кейін ғана біз Үкіметке ұсыныспен шыға аламыз. Облыстың дамуы үшін өзіміздің су қорымыз болғаны артық етпейді. Бұл ауыз сумен қамтамасыз етудің де кепілі болады", - дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.   

Ел экономикасының жай-күйі және шамамен 4 млн адамның денсаулығы Ертіс өзеніне тікелей байланысты. Сондықтан, Қытаймен ара ағайындық жасайтын комиссияны қайта жасақтау қажет, дейді сарапшы маман.

"Ертісті жылдам арада құтқару керек. Ол үшін Қытаймен Ресеймен келіссөздер жүргізу қажет. 1991 жылы құрылған комиссияны таратып мүшелерін жаңартсын. Су туралы заң қабылдау керек. Қылмыстық заңнаманы қатайтып, Ертісті ластағандарды қатер төндіргендерді түрмеге жапсын. Сонда ғана Ертіс қалпына келеді", - дейді сарапшы маман Юрий Павленко.

Ертіске көктемде су жіберілмегендіктен өзенді жағалай қонған елді мекендер зардап шекті. Шабындықтарға су жетпей қалды. Сәтбаев су арнасы да Ертістен бастау алатынын ескерсек, су тапшылығы Павлодар облысындағы қалалардан өзге Қарағанды, Теміртау, Астана қалаларында да сезілетін болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу