Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың өліміне байланысты іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Екінші айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нұрбол Тоқтаубаевтың сөзінше, қайғылы оқиға болған күні Талғардағы дәмханалардың бірінде Ілияс Нұрқияс, Шынасыл Абзал, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Азамат Тоқтаубаев, Думан Ысқақпен бірге отырған.
Сол күні оған Дархан Әскентай телефон шалып, "Қамажай" дүкеніне келуін өтінген. Ол өзін біреудің ұрып-кеткенін айтқан. Нұрбол Тоқтаубаев дүкенге Думан Ысқақпен бірге барған.
"Мені ұрып кетті, алып кетші" деді. Мен қазір баратынымды айттым. Оған көмек керек екені даусынан сезіліп тұрды. Өзім солай ойладым. Дархан Әскентай дүкеннің сыртында тұрды. Оның бетінен қан ағып тұрды. Дарханның өзінен мән-жайды сұрадым. Дүкен сатушысының баласы ұрып тастады деп қысқа ғана айтты. Мен "Қамажай" дүкеніне кіріп, сатушы Қаржаубайдың өзінен мән-жайды сұрастырдым. Амандасып, қал жағдай сұрадым. "Досың шот төлемеді" деді. "Мен ұрдым, балам ұрды" деді. Шот төлемесе, мен төлейін дедім. 1000 теңге төлемеді деді. Артығымен 1500 теңге төледім", - деді айыпталушы.
Айтуынша, жолда айыпталушы Дархан Әскентай ұялы телефонынан чекті көрсетіп, шотты төлегенін айтып ақталған. Кейін Нұрбол Тоқтаубаев дүкенге қайтып барған.
"Мәселені тыныш шешіп кетуіміз керек болған. Сол сәтте Нұрқанат біреулерге телефон шалып, шақырып жатты. Қаржаубай "мен сені өлтіремін" деп пышақпен оқталды. Мен абдырап қалдым. Сонымен 6-7 шақты балалар келді. Туған бауырымда телефон болмағандықтан, мен Чинаға хабарласып, інімді шақырғанмын. Сөйтіп балалар келді, төбелес басталып кетті. Мен дүкеннің ішінде тұрғанмын. Нұрқанат бізге мылтық атты. Біріншісін аспанға атты, екіншісін біздің аяғымыздың астына атты. Аяғымды бір-екі рет сермеп, Нұрқанатты тепкенімді мойындаймын. Қас-қағым сәтте болды", - деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Айтуынша, ол "төбелеске кіруге мәжбүр болған".
Айта кету керек, бұған дейін Шерзат ісіндегі судья блогерлер мен желі қолданушыларына ескерту жасағанын жазғанбыз. Сотта айыпталушылардың марқұм Шерзатты ұрып-соққан сәті көрсетілді.