Қашағанға 50 млрд доллардан артық қаржы құйған компанияларға қаражатты қайтару оңайға соқпайды

1094

Қашағанға 50 млрд доллардан артық қаржы құйған компанияларға қаражатты қайтару оңайға соқпайды

Қашағанда мұнай өндіре бастау Қазақстанның кредиттік әлеуетіне жағымды әсер етеді және бұл басқа кен орындарында аз өндіріле бастаған мұнай көлемінің орнын толтырады. Fitch Ratings агенттігінің болжамы осындай, деп хабарлайды 7kun.kz.

"Біз мұнай бағасына қатысты болжамға қарасақ, әрі басқа тәуекелдер барын ескерсек, жоба көлемін арттыру оңай болмайды, сәйкесінше, кен орнына қаржы құйған компанияларға өз ақшасын қайтарып алу қиынға соғады", — дейді Fitch сарапшылары.

Агенттік болжамына сәйкес, егер ешқандай техникалық ақаулар болмайды деп есептесек, 2017-2018 жылдары кен орнында тәулігіне өндірілетін мұнай көлемі 300 мың баррельге жетуі мүмкін. Бұл Қазақстанда 2015 жылы өндірілген барлық көмірсутектің 18 пайызын құрайды.

"Қазір ірі кен орындарындағы мұнай көлемі азайып жатқандықтан, Қашаған мұнайы Қазақстанның Еуропа мен Қытайға шикізат тасымалдаудағы ролін арттыра түседі. Сонымен қатар, кен орнынан алынатын шикізат мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты азайған мемлекеттік шығындар мен ұлттық валютаның құнсыздануы секілді күрделі жағдайлардан шығуға жақсы әсерін тигізеді", — дейді сарапшылар.

"Мұнай-газ саласында соңғы жылдары ашылған басқа да ірі жобалар секілді, Қашағанға да 50 млрд доллардан көп құйған компанияларға қаражатты қайтарып алу оңайға соқпайды. ExxonMobil, Shell, Total, Eni, China National Petroleum Corporation және "ҚазМұнайГаз" ҰК секілді компаниялар мұнай бағасы өсіп, өзінің бұрынғы қалпына келмесе, жобаның көлемін кеңейтуге қатысты жоспарларын да кейінге қалдырады", — деп болжайды Fitch.

Қашағанды қайта іске қосу "ҚазМұнайГаз" компаниясына табыс алып келеді де, компанияның ұзақ мерзімді уақытта кредит төлеу қабілетін біршама жақсартады. Табыс түседі дегенмен, ҚМГ-дың еншілес компаниясы, әрі кен орны акцияларының үлескері KMG Kashagan BV өз серіктестерінен алған 2,3 млрд долларды қайтарып беруі керек екенін ұмытпағаны жөн. Агенттіктің болжауынша, ҚМГ ҰҚ 2016-2019 жылдары түскен қаржыны осы қарызды төлеуге жұмсайды. Сонымен қатар, мұнай бағасы қазіргі шамада қалса, жоба акционерлері Қашағанға қайта қаржы құюды міндеттеуі ықтимал. Ал бұл ҚМГ-дың кредит төлеу қабілетіне кері әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың болжауынша, "ҚазМұнайГаз" компаниясының еншіліс компаниялары "ҚазТрансОйл" мен "ҚазТрансГаз" құбырларынан көбірек көмірсутек өтетіндіктен, оларға үлкен көлемдегі мұнай мен газ тасымалдау тиімді болады.

Айта кетейік, Қашаған — Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орны және еліміздегі шетелдік инвестиция құйылған ең ірі жобалардың бірі. Қашаған операторының — North Caspian Operating Company (NCOC) акционерлері мыналар: AgipCaspian Sea B.V. (16,81%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,81%), KMG Kashagan B.V.(8,44%), "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ (8,44%), Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,56%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,81%), Total EP Kazakhstan (16,81%) и CNPC Kazakhstan B.V.(8,33%).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу