Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімнен сынып журналынан басқа ешқандай есеп талап етілмеуі керек екенін айтты.
"Қазіргі уақытта біз барлық тексерулерді тоқтаттық. Ешқандай тексерулер болмайды. Мұғалімдерден, мектептерден жиналатын есептер көп болып кеткенін көріп отырмыз. Осы есеп берулерді тоқтату туралы арнайы бұйрық қабылдадық. Сонда "мұғалімнен сынып журналынан басқа ешқандай есеп талап етілмеуі керек" деген шешім шығардық. Қазіргі уақыт күрделі болғандықтан балаларымызға, ұстаздарымызға, әріптестерімізге сенуіміз керек. Сондықтан ешқандай тексеру қажет емес. Кейбір жерде мұғалімдерден өткізіп жатқан сабақтарының скрин-көшірмесін талап етеді, енді бірі сабақ өткізген бейнежазбасын сұратады. Осындай келеңсіз жағдайларға көзіміз жетіп отыр. Сондықтан бұл мәселеге жол бермейміз. Жергілікті өңірлерде бақылау басқармалары бар. Ол департаменттер ұстаздардан есеп талап етілмеуін қадағалап отыратын болады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Нұржан Көшкін