Қазақстанда қасиетті жылқы түлігі туралы деректі трилогияның түсірілімі басталмақшы, деп хабарлайды 24.kz.
Атақты режиссер Найоби Томпсонның жетекшілігімен таспаланып жатқан "Эквус" туындысы осыған дейін әлемнің 20 елінде түсіріліпті. Енді тамыз айының соңында шығармашылық топ Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданына келмекші. Себебі "дәл осы жерде жылқы малы қолға үйретілген" деген дерек бар.
Түсірілім алаңын еліміздің ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев көріп қайтты. "Эквус" трилогиясында жылқы жануарының адамзат тарихындағы рөлі, сондай-ақ Орта Азия даласында қасиетті түліктің алғаш рет қолға үйретілуі жайында баяндалмақ.
Фильм канадалық режиссер Найоби Томпсонның жетекшілігімен түсіріледі. Түсіру жұмыстарына шетелдің кәсіби кинематографтары, арт-дизайнерлер мен дыбыс режиссерлері тартылады.
"Елбасының мақаласы "Рухани жаңғыру" шыққаннан кейін, осындай жобаны қолға алып жатырмыз. Бұл тек Қазақстанның телеарналарында ғана емес, Канада, Франция, Германия АҚШ телевидениесі бар. Біріккен үлкен жоба жасап жатырмыз. Бұл жобаға үлкен қаражат та бөлген жоқпыз. Біздің шетелдік әріптестеріміз бізден 2-3 есе көп қаржы бөлді", - дейді ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Тың жобаны іске асыруға еліміздің кәсіби мамандары да атсалысады. Түпкі мақсат – көшпелі халықтың байырғы тұрмысын қаз-қалпында көрсету. Тарихшылар мен археологтардың айтуынша, біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда ата-бабаларымыз осындай үйлерде тұрған. Яғни бұл – қазіргі киіз үйіміздің түпнұсқалары. Аумағы шамамен 20-30 шаршы метрді құраған. Елімізге белгілі археолог Виктор Зайберт фильмге қажетті барлық материалдың ғылыми зерттеулерге негізделгенін алға тартады.
"Тарих неолитпен шектелмейді. Қола дәуіріне дейінгі кезеңді назардан тыс қалдырмауымыз керек. Мен 1969 жылғы зерттеуімді есіме түсірдім. Өз көмекшілерімді сол кездегі Никольский ауылына бағыттап, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді тапсырдым. Сол жерден шәкірттерім бір бума ұсақ заттар тапқаннан кейін, тарихи орынға жұмыс тобымызбен арнайы барып, 1 күннің ішінде 60 мыңнан астам жәдігер жинадық. Айта кетейік, түсірілім тамыз айының соңында басталып, Ақмоладан бөлек, Алматы облысында да жүргізіледі. Көрермен назарына келер жылдың қыркүйек-қазан айларында ұсынылады. Туынды әлемнің 50 елінде көрсетіледі деп жоспарланып отыр", - дейді археолог Виктор Зайберт.