Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнесті қолдауға және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау үшін 7 негізгі бағыттан тұратын жедел шаралар топтамасы әзірленді. Мақсатқа жету үшін кәсіпкерлердің демеуқаржыға қолжетімділігін арттыруға, оларды салықтық жеңілдік тұрғысынан ынталандыруға, бизнесті тексеруді азайтуға және халықты жұмыспен қамтуға басымдық берілді.
"Бірінші бағыт "Бизнестің жол картасы-2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" мемлекеттік бағдарламаларын синхрондау шеңберінде кәсіпкерлерді ұлттық валютамен қаржыландыруға ерекше назар аударылады. Несиелендіру көлемі 400 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңгеге жеткізіледі. Қаражат импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатқан отандық тауар өндірушілерге беріледі", – деді ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиелендірудің жоғары шегі 7 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.
"Шығыстарды жабу үшін бизнестің айналым қаражатын кеңейту ұсынылды.
Несие бойынша түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрайды. "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасынан салалық шектеулер алынады, ал "Қарапайым заттар экономикасы" мемлекеттік бағдарламасындағы тауарлардың тізбесі кеңейтіледі", – деді Руслан Дәленов.
Қанат Махамбет