Кәсіпкерлердің 90 пайызы шекарада жемқорлыққа тап болған

875

Отандық кәсіпкерлердің 90 пайызы шекарадан өткенде жемқорлыққа тап болады,  деп хабарлайды Atameken Business.    

Кәсіпкерлердің 90 пайызы шекарада жемқорлыққа тап болған

Мұндай масқара статистиканы еліміздің бизнес-омбудсмені Рустам Жүрсінов келтірді. Бұл "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы жүргізген анонимдік сауалнаманың нәтижесі.  Оған сенсек, респонденттердің 45 пайызы кедендік бақылау қызметкерлеріне пара бергенін айтқан. Бармақ басты көз қыстылық импортта да, экспортта да, транзитте де бар екен. Коррупция автомобиль өткізу бекеттерінде басқасынан жиірек кездесетін көрінеді. Бизнесмендер әсіресе Қазақстан-Қытай және қазақ-өзбек шекараларында пара алудың өршіп тұрғанын айтқан.

Сондай-ақ, сауалнама ақшалай сыйақылардың тең жартысы жүк көлігін шекарадан еш тексеріссіз өткізу үшін берілетінін көрсеткен. Ал 50 пайыз жағдайда ауызбастырық сомасы 300 доллардан аспаған. Ал 2020-ші жылы жүргізілген халықаралық мониторинг нәтижесі мынадай.

Орталық Азия елдерінің ішінде тез бұзылатын ауылшаруашылығы тауарын тасымалдайтын кәсіпкерлер барынша көп уақыт пен ақшаны Қазақстандық бекеттерде жұмсайды. Сондай-ақ біздің өткізу пункттерінде жемқорлық өте жиі кездеседі және пара сомасы да біздің елде ең жоғары екен.

Мәселеге елдің бас прокуроры назар аударды. Ғизат Нұрдәулетов  шекарадағы жүк көліктерін негізсіз тоқтатуды тыйып, адал бизнеске кедергі жасамауға шақырды.  Нұрдәулетовтың сөзінше, экономикалық контрабанда үлкен шығындарға алып келеді және отандық бизнеске әділетсіз бәсекелестік тудыратынын атап өтті. 5 жыл ішінде республика бойынша кеден саласында 700-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліпті. Алайда, тексерістер мен заңсыздықтардың алдын алу шарлары ісін адал дөңгелетіп отырған бизнесмендерге кедергі келтірмеуі тиіс деді прокурор. Бұл үшін шет мемлекеттермен ақпарат алмасу, ішкі нарықты көлеңкелі импорттан қорғау және кеден бекеттерін техникалық жарақтандыру мәселелерін шешу керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу