Каспий құбыр консорциумы арқылы отандық мұнайды айдау көлемі 1,7%-ға азайды

535

Өткен жылдың қорытындысы болжанғаннан аз құлдырауды көрсетіп отыр, деп жазады inbusiness.kz. 

Каспий құбыр консорциумы арқылы отандық мұнайды айдау көлемі 1,7%-ға азайды Фото: Ақмешіт апталығы

Applied Economics Research Centre (AERC) жасаған Қазақстанның тоқсандық макроэкономикалық шолуына сәйкес, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы орта есеппен баррель үшін 83 долларды құрайды. Осы тұста шикізатты өндіруге және оның құнына ең алдымен әлемдегі саяси оқиғалар ықпал ететін болады.

2023 жылдың қаңтарында жарияланған Халықаралық энергетикалық агенттіктің есебі бойынша биыл Brent маркалы шикі мұнайдың бағасы орта есеппен баррель үшін 83 долларды, 2024 жылы баррель үшін 78 долларды құрамақ.

Агенттік 2023 жылы мұнай мен басқа да сұйық отын түрлерінің әлемдік өндірісінің өсуін тәулігіне 1,1 млн баррель, 2024 жылы тәулігіне 1,7 млн баррель немесе тиісінше тәулігіне 101,1 млн баррель және тәулігіне 102,8 млн баррельге дейін деп болжап отыр.

"Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметтеріне сәйкес, болжамды кезең ішінде Ресейдегі өндірістің тәулігіне 1,5 млн баррельге төмендеуі ОПЕК-ке кірмейтін бірқатар елде өндірістің айтарлықтай артуымен және ОПЕК экспортының көлемімен өтелмек. Бұл ретте мұнай нарығының 2023 жылға арналған болжамында 2 драйвер (Ресей және Қытай) басымдыққа ие. Егер де биыл мұнайға деген сұраныс тәулігіне 1,9 млн баррельге, тәулігіне 101,7 млн баррельге дейін жетуі мүмкін болса, бұл тарихтағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Онда санкциялар әсерінен Ресейден жеткізілімдердің баяулауы тепе-теңдікті нашарлатады", - деп жазылған есепте.

Ақпаратқа сәйкес, Қытай әлемдік сұраныстың жартысына жуығын ынталандырады деп күтіліп отыр. Екінші жағынан энергия тиімділігінің артуы мен тез артып келе жатқан электромобильдердің сатылымы биыл әлемдік сұраныстың өсуін тәулігіне 900 мың баррельге тежейді. Аталған шаралар ұсынысы шектеулі мұнай нарығында айтарлықтай маңызға ие.

"Жаһандық мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсыныс балансының тағы бір маңызды тәуекел факторы осы жылғы 5 ақпаннан бастап Еуроодақтың ресейлік мұнай өнімдерінің теңіз импортына тыйым салуды енгізуі болуы мүмкін. Бүгінде мұндай шара Ұлыбритания мен АҚШ-та қолданылып отыр. Bloomberg-тің хабарлауынша, Еуроодақтың жаңа шектеуі негізгі нарықтың жоғалуына байланысты Ресейдің мұнай экспортына жойқын әсері етуі мүмкін. Қытай мен Үндістан өз мұнай өңдеу зауыттары үшін шикі мұнайды импорттауға басымдық беріп отыр, дайын өнімдердің импорттық үлесі төмен", - деп атап өтті сарапшылар.

Негізгі экспорттық өнімнің жоғары бағасына қарамастан, өткен жыл еліміздің мұнай саласы үшін оңай болмады. Негізгі қауіп-қатер отандық мұнайдың әлемдік нарықтарға Ресей арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумынан туындаған болатын. КҚК арқылы елдің шикі мұнай экспортының 80%-ға жуығы айдалады.

"Қазақстан былтыр құбыр арқылы 2021 жылға қарағанда небәрі 1,7%-ға аз мұнай жіберді. Осы тұста өткен жылы 64,8 млн тонна ғана мұнай экспорттады, оның 81,2%-ы Каспий құбыр консорциумының үлесіне тиеді".

Елімізде отын бағасының біртіндеп өсуі мен бағаны реттеу жүйесінен арылуы күтілетінін атап өткен жөн. Себебі шектеулер Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының рентабельділігіне теріс әсер етіп қана қоймай, ішкі нарықта отын тапшылығына да әкеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу