Шығыс Қазақстанда ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты тағы бір ауылға су жайылды. Қазір аулалар көк жалтыр мұз болып жатыр.
Белгілі болғандай Қатонқарағай ауданындағы Өрел өзені арнасынан асып, су тоғыз үйдің ауласына жайылып, үш үйге кірді.
- Су таңғы 8-ден бері әлі тоқтамады. Жергілікті әкімдіктен кісілер келді, бірақ қолдарынан түк те келмейді. Көршілер ғана жүгіріп жүр ары-бері, - делінген әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты өзен арнасына мұз қатып, соның салдарынан судың деңгейі көтерілген.
Оқиға орнына дереу жеткен аудан әкімі төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ол жерде жергілікті атқарушы органның және ТЖБ-ның өкілдері жұмыс істеп жатыр.
- Арнайы техникалар жұмылдырылды. Мотопомпалармен суды сыртқа шығарды. Құм салынған қаптардан бөгеттер қойылды. Өзен арнасын қар-мұздан тазарту жұмысы жалғасуда. Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі үшін барлық тиісті жұмыстар қолға алынған, - деді аудан әкімі Ділдар Қалиқан.
Айта кетейік, жуықта Риддерде де осындай жағдай орын алғанын жазған болатынбыз.