Қазақ әншісі Валерий Меладзені таң қалдырды

2904

Башқұртстан Республикасында өтіп жатқан "ЯҢЫ МОҢ" халықаралық музыка байқауының алғашқы 3 кезеңінде елордалық әнші Әкімхан Мәженов айқын басымдықпен жеңіске жетті.  

Қазақ әншісі Валерий Меладзені таң қалдырды

Бұл туралы әншінің продюсері Дәулет Нұржанов мәлімдеді деп хабарлайды 
inbusiness.kz тілшісі

Дәулет Нұржановтың айтуынша, 800 үміткерден іріктеліп шыққан 56 өнерпазбен бірге бақ сынаған отандасымыз алғашқы айналымда халық әні "Екі жиренді" орындап, ең жоғары ұпайға қол жеткізді. Екінші кезеңде Құрмаш Маханның "Гүлістан Қазақстан" деген әнімен тағы да топ бастады. Үшінші кезеңде Константин Меладзенің шығармашылығындағы "Актриса" әнін шырқау шегіне жеткізіп орындап, өзгелерден оқ бойы озық тұрды. 

"Әкімханның музыкалық қабілетіне қазылар алқасының мүшесі, ТМД-ға танымал әнші, "Актриса" әнінің орындаушысы Валерий Меладзенің өзі таң қалды. Қазылар алқасы бұған дейінгідей байқаудың үшінші кезеңінде де Әкімханға жоғары ұпай қойды", – деді D Records студиясының негізін қалаушы Дәулет Нұржанов.

Оның айтуынша, халықаралық байқауға Башқұртстан Республикасы басшысының мәдениет және жастар ісі жөніндегі кеңесшісі, Башқұртстанның еңбек сіңірген артисі Радик Юльякшин ұйытқы болған. Байқауға Башқұртстан Республикасының қазынасынан 30 млн рубль бөлінген. Жұлдызы жанған әншінің қанжығасына 1 млн рубль байланады. 

"Әкімхан байқаудың келесі кезеңінде башқұрттардың "Салқын чэй" әнін орындайды. Екеуміз 2014 жылдан бері шығармашылық байланыстамыз.

Бүгінгі таңда мен Әкімханның өнердегі жетекшісі, әндерінің әрлеушісі ғана емес, ағасына айналып кеттім. Біздің мақсатымыз – халықаралық байқауда халқымызддың намысын абыроймен қорғап, елге жеңіспен оралу", – дейді Дәулет Нұржанов. 

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу