Қазақ тіліндегі алғашқы отандық онлайн-университет 2017 жылы іске қосылады, деп хабарлайды "WikiBilim" қоғамдық қорына сілтеме жасаған 24 Хабар.
Жобаны қор Гарвард университетінің белгілі платформасы негізінде әзірлеген. Жоба қазақстандық профессорлардың бейнелекцияларынан құралған сайт түрінде жұмыс істейді. Яғни, олар жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларының бір бөлігі болып табылады. Онлайн-университеттің басты артықшылығы – кез келген ниет білдіруші лекциялар курсын тегін тыңдай алады.
"Сайттағы алғашқы бейнелекциялар телекоммуникация, бизнес және информациялық технологиялар секілді салаларды қамтиды. Қазір бұл курстарға сұраныс жоғары. Тақырыптар біртіндеп кеңейе береді. Біз қазірдің өзінде жобаға қатысуға еліміздің үздік техникалық жоғары оқу орындарының келісімін алып қойдық", – деп мәлім етті "Wikibilim" ҚҚ президенті Нұрбек Мәтжани.