"Қазақ тілінің дамуына әсер етпейді": Сенат спикері орыс тілі жөніндегі ұйым туралы

300

Сенаторлар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялады.  

"Қазақ тілінің дамуына әсер етпейді": Сенат спикері орыс тілі жөніндегі ұйым туралы Фото: inbusiness.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев құрылатын орыс тілі жөніндегі ұйымға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Бұл – халықаралық деңгейде жұмыс істейтін ұйым. Ұйымды қолдауымыз мемлекеттік тілдің дамуына ешқандай әсерін тигізбейді. Сондықтан бұл басқа мемлекеттермен халықаралық қатынастарды дамыту, осы бағыттарда мәдени шараларды жүзеге асыру үшін керек. Біздің мемлекетімізде әртүрлі ұлт өкілдері тұрады. Олардың да мүдделерін ескеріп, осындай шешім қабылдап жатырмыз. Бірақ бұл жерде нақты айтатын мәселе бар. Қазақ елінің мәртебесіне, қазақ тілін дамытуға, пайдалануға және оның өрісін кеңейтуге әсер ететін мәселе емес. Мемлекеттік тілдің әрі қарай деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстарды жалғастыра береміз",  – деді Мәулен Әшімбаев Сенат кулуарында.

Сенат спикерінің сөзінше, қазақ тілінің мәртебесіне келетін ешқандай нұқсан жоқ.

"Бұл келісім қазақ тілі өрісінің кеңеюіне, әрі қарай дамуына ешқандай әсер етпейді. Оны халыққа дұрыстап түсіндіруіміз керек. Бұл мәселеге ат үсті баға беріп, пікір қалыптастырмаңыздар. Мемлекеттік тілдің деңгейі біздің Конституциямызда нақты тайға таңба басқандай көрсетілген", – деді ол.

Бейсенбі күні сенаторлар жалпы отырыста "Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы" заңды мақұлдады.

"Орыс тілі ТМД шеңберінен тыс жерлерде де қолданылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдерінің бірі ретінде орыс тілі халықаралық және өңірлік мәселелерді шешуде, сондай-ақ Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Еуразиялық экономикалық одағы және басқа да құрылымдар аясында құжаттарды қабылдауда жаһандық коммуникация құралы ретінде әрекет етеді. Осыған байланысты, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы бастамасы алты мемлекет басшысымен қолдау тапты",  – деді сенатор Әлішер Сатвалдиев.

Бұл шарт Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде ратификациялаудан өтті.

Айта кету керек, осыған дейін орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымға Қазақстан бюджетінен 43 млн теңге бөлінетінін жазған болатынбыз.  Депутат Ермұрат Бәпи орыс тілі ұйымы Қазақстанға не үшін керегін түсіндірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу