Қаралған заң жобаларының бірі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады. Осындағы көрнекі құрал деген тікелей тілімізге байланысты.
Заң жобасында көрнекі ақпаратты, оның ішінде жарнаманы, хабарландыруларды, мәзірді және тағы басқаларды мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс немесе басқа да тілдерде орналастыру көзделген. Мұнда орысы жоқ елдімекендерде көрнекі ақпараттарды орыс тілінде жазу міндет емес екені көрсетілген. Барлық жазбалар мен хабарландырулар, көрнекі ақпараттар бір ғана қазақ тілінде берілсе жетіп жатыр. Ал орыс аралас жерде бұрынғыша міндетті түрде қазақша және қажетіне орай орысшасы қоса жазылады. Демек орыс тіліне нұқсан келтіріліп жатқан жоқ, сол баяғыша ұзын арқан, кең тұсау күйде.
Бұл заң жобасы әлі бекітілмей жатып Ресей депутаттары шала бүлініп жатыр. Бұл заңның ізгілігін түсіндіргенмен де түсінгілері келмейтін сияқты.
Газета.ru интернет-басылымы біздегі заң жобасын арқау етіп, тіпті өңмеңдеп, Нұр-Сұлтанды да, Мәскеуді де шарлап жүр. Басылым журналистерінің күйттегені – Қазақстандағы жаңа заң жобасы орыс тілін мүйіздеп жатқан жоқ па деген мәселе.
Басылымның журналистері Қазақстанда орыс тілін аяқ асты етіп жатыр ма, ұлтшылдық деген үрдіс жайлаған ба деген тұрғыдағы өздерінің ойларына жауап іздепті. Басылым республика орыс атаулыдан тоң-теріс айналуда ма, Қазақстан Парламенті мемлекеттік емес ұйым-мекемелердің көрнекі ақпараттарын, бланкілерін, жарнамаларын, тіпті ас мәзірін де тек қана қазақша шығаруға міндеттеді ме деген сұрақтарды алға тартқан.
Бір жақсысы, Ресей журналистері жаңа заң жобасы жайлы пікірді алдымен Қазақстанның Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Жулиннен сұраған екен. Депутат Қазақстанда орыс тіліне шектеу қойылмағанын, мемлекеттік орыс мектептері барын, орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары толыққанды жұмыс істейтінін, кітап дүкендері мен кітапханаларда орысша кітаптан көп нәрсе жоғын түсіндірген. Ата Заң бойынша мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі де ресми түрде қолданылатынын айтқан. "Айтыңдаршы, Ресейдің өзін айтпағанда посткеңестік аумақта орыс тілін алақанға салып отырған Қазақстаннан басқа қандай ел бар?" дейді депутат. Ол мемлекеттік органдарда барлық тақтайшалар мен атаулар қазақша және орысша жазылған күйінде қала беретінін, ал жаңа тәртіп тек коммерциялық секторға тиесілі екенін түсіндірген. "Қазақстанның Оңтүстігі мен Батысы толығымен дерлік қазақ тілді. Ол аймақтарда орыс тілі қолданылмайды десе де болады" дейді депутат. Олай болса жарнама мен тақтайшаларды, мәзір мен бағаларды, екі тілде жазып көрсетудің қажеттілігі қанша? Заң жобасы алдымен барлығы қазақша болсын, ал орысша қажет жерінде ғана қолданылсын дейді. Орыс аралас аумақтарда екі тілді қатар қолдануға ешқандай шектеу жоқ.
Осыдан кейін Ресей журналистері бұл мәселеде Госдума депутаттарының пікірін тыңдаған. Госдуманың ТМД істері жөніндегі комитет жетекшісінің бірінші орынбасары Константин Зулин: "Бұл шешім орыс тілінің қолданысын кемітеді, арадағы қарым-қатынасты алшақтатады" деген. Сол комитеттің жетекшісінің тағы бір орынбасары Александр Бородай болса Қазақстанда орыс тіліне қауіп төніп тұр дейді. "Кеңес Одағының бұрынғы республикалары өркениеттен алыстап, кәдімгі этнократияға қарай кетіп барады. Олар өздерін әлі де орыстың боданымыз деп есептейді" дейді Александр Бородай. Ресей депутаты көптеген халықтар ру-тайпалық құрылыста өмір сүргенді қалайды дегенді айтыпты. Оған Қазақстанды да қосады. Бұл депутат Азия елдері қорыққанды ғана сыйлайды, сондықтан күш қолдану керек дегенді ешбір шімірікпестен айтқан. "Ресейдің одақтасы тек қана армия мен флот, өзге одақтасымыз жоқ" дейді Александр Бородай. Госдума депутаты осылай десе, басқа не демейді. Қазақстан депутатымен алыстырғанда айырмасы жер мен көктей.
Әрине, қазақ тілінің қолданысы кеңейгені біз үшін ауадай қажет. Ал орыс саясаткерлерінің қаңқу сөзі бұл істе бізді қайрай түсуі керек.
Нағашыбек Алдан