Бұл дрондар Қазақстан аумағының барынша дәлдікті өлшемін алуға және зерттеуге қабілетті, сондай-ақ олар ақпараттық жүйелерді қалыптастыру кезінде топологиялық қателердің туындауын болдырмауға мүмкіндік бермек, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бүгінде мемлекет "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы жер кадастры бойынша 37 қызмет түрін көрсетеді. Оның ішіне жер аумағын, құрылымын, топырақ құрамын анықтау бойынша жұмыстар кіреді.
Бұлардың қатарындағы төртеуі – халық пен бизнеске ұсынылатын мемлекеттік қызметтер. Атап айтқанда, жер учаскелерінің кадастрлік құнын анықтау, жер телімінің сәйкестендіру құжаттарын әзірлеу және беру, мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін ұсыну және жобаланатын жер учаскесін келісу.
"Бүгінде біз бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры жобасын әзірлеп жатырмыз. Ол бірнеше ақпараттық база мәліметтерін біріктіріп, мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне ықпал етеді. Жер кадастры бойынша мәліметтер неғұрлым дәл болу үшін біз ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алдық. Ол жердің 1:10 000 рұқсаттағы цифрлық карталарын әзірлеуге көмектеседі. Себебі қазірде әуеден түсірілген бірнеше сантиметрге дейінгі нақты карталар жоқтың қасы", – дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.
Бүгінде жерге қатысты мәліметтер базасы GPS, спутник навигаторы, қашықтан зондтау және геоақпараттық жүйелер сияқты цифрлық технологиялардың көмегімен жасақталуда.
Абылайхан Оспановтың айтуынша, "беспилотниктерді" пайдалану бір маусым ішінде 600-ден 6000 шаршы шақырым ел аумағын қамтып, картографиялық материалдарға түсіруге жол ашады.
"Қазіргі кезде мемкорпорация "Бірыңғай жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастры" ақпараттық жүйесін түзуде. Ол 2020 жылдың желтоқсанында қолданысқа берілмек. Ұшқышсыз ұшатын аппараттардың цифрлық деректерін пайдалану электронды картографиялық карталардың өзектілігі мен дұрыстығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар антропогендік ықпал салдарынан қандай да бір телімде болатын өзгерістерді болжау үшін жер бедерін зерттеуге мүмкіндік береді", – дейді ол.
Мемкорпорация әзірге 2 дрон ғана сатып алып, сынақтан өткізуде. Әрі оларды басқара алатын мамандарды арнайы оқытпақ.
Дрондар мен арнайы бағдарламалардың көмегімен жердің 2D, 3D модельдегі карталарын әзірлеуге болады. Әуеден түсірілген суреттер цифрлық форматтағы топографиялық карта мәліметтерін жылдам жаңартып отыруға көмектеседі.