Қазақстан – Иран бірлескен кәсіпорны құрылмақ

852

Қазақстан – Иран бірлескен кәсіпорны құрылмақ

Кеше Астанада Иран Ислам Республикасы президентінің Қазақстанға іссапары шеңберінде  "Бәйтерек" холдингінің ұйымдастыруымен Қазақстан мен Иран іскерлік кеңесінің үшінші отырысы өтіп, оған "ҚТЖ" ҰК"АҚ президенті Қанат Алпысбаев бастаған теміржол компаниялары өкілдері қатысты. Кеңес барысында екі ел компаниялары, қаржы институттары арасында түрлі салаға қатысты ынтымақтастық мәселелері талқыланып, соның қатарында көлік және логистика  саласы бойынша "ҚТЖ" ҰК"АҚ –  еншілес ұйымы "ҚТЖ Exprezz" АҚ мен  "IRISL" кеме жасау компаниясы бірлескен кәсіпорын құру туралы келіссөзге қол қойды.

Біз бүгін әлемнің ірі кеме компаниялары қатарынан саналатын Иранның  "IRISL" кемежасау компаниясының бас директоры Мохаммад Саидимен бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойдық. Бұл бірлескен кәсіпорын Бандар-Аббас портында терминал салу бойынша мәселелермен айналысатын болады. Аталған терминалдың құрылыс жұмыстарына қатысу арқылы біз Парсы шығанағына, одан әрмен қарай Үнді мұхитына шығу мүмкіндігіне ие боламыз. Ал бұл өз кезегінде Қазақстанға, Каспий теңізіне жүк ағынын тартудың тағы бір тиімді жолы. Қытай тарапы Иран аумағына жүк жеткізуге үлкен қызығушылық танытып отыр. Мұны біз Каспий, Ақтау порты, солтүстік терминал арқылы жүзеге асыра аламыз. Сондықтан бұл бірлескен кәсіпорынның құрылуы біз үшін өте маңызды, – дейді "ҚТЖ Exprezz" АҚ президенті Диас Исқақов.

Бандар-Аббас портында терминалдың құрылыс жұмыстары келесі жылы басталмақ. Құрылыс жұмыстары "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры, "ҚТЖ" ҰК"АҚ және "ҚТЖ Exprezz" АҚ мен оның еншілес ұйымдары бекіткен ережелерге, сондай-ақ, Иран мемлекетінің заң талаптарына сай жүргізілмек. Бірінші кезеңде, терминалға қатысты Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеумен айналысатын жаңағы бірлескен кәсіпорын құрылмақ. Ирандықтар тарапынан бастапқы нұсқамалар жасалынып қойылған. Сондықтан ТЭО-ны келісіп, бекітуге шамамен 2-3 ай кетеді деп күтілуде. Маңызды құжат дайын болып, бекітілісімен, құрылыс жұмыстары басталмақ. Яғни, бұл шамамен алдағы жылдың маусым айы деп жоспарланып отыр.

Диас Исқақовтың айтуынша, Қазақстан – Иран арасындағы жүк айналымында соңғы уақытта аздаған өсім байқалуда екен. Қазақстаннан Ақтау теңіз порты арқылы су көлігімен әдетте, дәстүрлі тауарлар, бидай, металл экспортталалып келеді. Қазақстан – Түркіменстан – Иран бағытындағы жаңа темір жол магистралымен жүк пойыздары да жөнелтілуде. Қазір Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің әлеуетін көтеру үшін жүк жөнелтушілерге мейлінше тартымды жағдайлар ұсыну жағы қарастырылуда екен. Осыған байланысты Қазақстан тарапынан  аталған бағдарда жүк тасымалына қатысты икемді тарифтерді ұсынып, жүк жөнелтушілерді көптеп тарту бойынша түркімендер және ирандықтармен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. "Егер үш жақтың мүддесі бір арнада тоғысып, оң шешімін тауып жатса, бұл аталған бағдар бойында жүк ағыны арта түсері сөзсіз" деп ой түйеді  "ҚТЖ Exprezz" АҚ президенті Диас Исқақов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу