Қазақстан адамның даму деңгейі бойынша 50-орында

2015

Сарапшылар БҰҰДБ баяндамасын талқылады.

Қазақстан адамның даму деңгейі бойынша 50-орында

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) "Урбанизация инклюзивті және тұрақты дамудың тездеткіші ретінде" атты адами дамудың ұлттық баяндамасын Назарбаев университетінде сарапшылар тарапынан талқыға салынды.

Мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сараптамалық қоғамдастық өкілдері Қазақстандағы урбанизацияның негізгі мәселелері мен мүмкіндіктерін, содай-ақ адам дамуының индикаторларын жоғарылату үшін қала әлеуетін қалай пайдалану керектігін сөз болды.

Баяндамада сөз алған БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуб Бериш: "Тиімді басқару мен дұрыс жобалаудың арқасында урбанизация Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Жақсы ойластырылған саясат экономиканы әртараптандыруға, жұмыс орындарын құруға, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кірістер теңсіздігі, тұрғын үйге қол жетімділік, көлік пен қоршаған ортаның ластануы сияқты урбанизация қауіптерін азайтады", – деді.

БҰҰДБ мәліметінше, Қазақстан адами даму деңгейі жөнінен әлемдегі 189 елдің ішінде 50-орынды иеленіп, өте жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Зерттеуде ел тұрғындарының денсаулығы, білімге қол жетімділігі мен өмір сүру деңгейінің көрсеткіштері есепке алынды. Дегенмен де, еліміздің барлық өңірлерінде ғимараттардың, инфрақұрылымның, жолдардың, көлік жүйелері мен қоғамдық орындардың сапасы төмен екені анықталған. Ал қоршаған ортаны жақсарту – адамның дамуы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік берері анық.

Айта кетерлігі, адам дамуының көрсеткіштері елдің облыстары мен қалалары арасында біркелкі емес. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Павлодар облысында көрсеткіштер жоғары болса, Ақмола, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облысында төмен деңгейде.

Баяндамада Қазақстанның ең дамыған қалаларының өздері мүмкіндіктерін толық пайдаланбайтындығы айтылды. Қалалар негізгі қызметтердің, әсіресе ауыз судың, санитария мен жылудың сапасын өсіру арқылы адам дамуының көрсеткіштерін жақсарта алады.

Қоғамдық көліктің жетіспеушілігі азаматтарды жеке көліктерді қолдануға мәжбүрлеуде. Автокөліктер кептелістер мен ауаның ластану деңгейіне кері әсер етеді. Сондай-ақ, интернетке қол жеткізу, халықтың тығыздығы мен жасыл аумақтардың көлемі барлық 30 қалада әлемдік деңгейден едәуір төмен екені анықталған.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу