Қазақстан АЭС салса, қай елдің тәжірибесін пайдаланады

1859

Бүгінде әлемде 442 атом электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта жаңа 50 реактор іске қосылмақ.

Қазақстан АЭС салса, қай елдің тәжірибесін пайдаланады

Нарық төмен көміртекті энергетикаға белсенді түрде көшіп жатыр. Жаһанда атом электр станциясының (АЭС) маңызы арта түсуде, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгінде әлемдегі электр энергиясының шамамен 10%-ын 442 ядролық реактор өндіреді. Алдағы уақытта шамамен 50 реактор салынбақ. Бұл қолданыстағы қуаттың шамамен 15%-на тең. Осылайша, реакторлар саны жылдан жылға артып келеді.

2020 жылы ядролық реакторлар шығарындысы төмен 2553,2 ТВт/сағат электр энергиясын өндірді. Бұл әлемдегі электр энергиясының әрбір үшінші киловаты атом электр станциясында өндірілетінін көрсетеді. 

Таяуда Глазгода өткен СОР26 саммитте Еуропалық Одақтың 10 елі атом энергетикасын Еуропалық комиссия әзірлеген қоршаған ортаға зиянды азайтуға ықпал ететін салалар тізіміне қосуды ұсынды. Бұл бастаманы Франция, Финляндия, Польша көтерді. Аталған мемлекеттер атом электр станциясына салынған инвестицияны "жасыл" қаржыландыру ережелеріне сәйкес реттеу керек деп санайды.

Қоршаған ортаны ластайтын шығарындылардың көлеміне тоқталайық. Станцияда белгіленген қуатты 1 000 МВт көлемінде салыстарсақ, газ ЖЭС-тегі жылдық жиынтық шығарынды (күкіртті газ, азот оксиді, көміртегі оксиді және күл шаңы) 13 000 тоннаны, көмір ЖЭС-те 165 000 тоннаға тең. АЭС-те мұндай шығарындылар жоқ. Белгіленген қуаты 1 000 МВт көмірқышқыл газының шығарындылары газ ЖЭС-те жылына 3 800 000 тонна, көмірде жылына 7 000 000 тоннаны құрайды. Мұндай шығарындылар АЭС-те жоқ.

Атом энергетикасын дамыған елдер белсенді пайдаланады. Қазіргі таңда АҚШ-та 94 атом реакторы, Францияда – 56, Қытайда – 50, Ресейде – 38, Жапонияда – 34, Оңтүстік Кореяда – 24 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Францияда электр энергиясын өндірудің жиынтық көлеміндегі атом энергетикасының үлесі – 71%, Словакияда – 53%, Украинада – 51%, Бельгияда – 39%, Финляндияда – 34%, Швейцарияда – 33%, Швецияда – 30%, Оңтүстік Кореяда – 30%, АҚШ-та – 20%, Канадада – 15%. 

Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың дерегінше, 60 жыл бойы жинақталған тәжірибе ядролық энергетика электр энергиясын өндірудің қауіпсіз құралы екені көрсеткен. Атом электр станцияларында апат қаупі төмен. Сондай-ақ реакторларды жетілдіру мен технологиялық прогресс есебінен қауіп көрсеткіші төмендеуде.

Ядролық энергетика тарихында үш ірі апат тіркелген: Три-Майл-Айленд (АҚШ), Чернобыль (КСРО) және Фукусима-дайити (Жапония). Сонымен қатар Фукусима-дайичи апатына цунами себеп болғанын ескеру керек. Апат болған АЭС-терде реактордың бірінші буыны пайдаланылған. Бүгінде бұл реакторлер өндірісте қолданылмайды.

"Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС ("Самұрық-Қазына" АҚ еншілес кәсіпорны) дерегінше, ядролық реактордың 5 түрі бар: қайнап жатқан ұйытқы реактор, қысыммен жұмыс істейтін реактор, газбен салқындатылатын реактор, сумен салқындатылатын реактор және сұйық металл реактор. 

Сондай-ақ атом реакторлары буынға бөлінеді.  Оларды буын бойынша бөлу (I, II, III, III+ және IV) ресми түрде бекітілмеген, әрі ол жалпы тарихи қалыптасқан шарт болып саналады.

Реакторларды буынға бөлу кезінде әдетте төмендегі факторлар ескеріледі:

• өндірілетін энергияның өзіндік құны;
• ядролық, радиациялық және физикалық қауіпсіздік;
• жобаны стандарттау.

Қазіргі таңда Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі талқыланып жатыр. Елде аталған саланы дамыту үшін барлық алғышарт бар.

Бүгінде әлемдегі жетекші реактор өндірушілердің төмендегі технологиясы қарастырылуда:

• Росатом (Ресей Федерациясы), ВВЭР-1200 реактор жобасы;
• Electricite de France Group / Mitsubishi Heavy Industries Ltd (Франция, Жапония) ATMEA 1 реактор жобасы;
• Nuscale Power (АҚШ) қуаты аз NuScale модульдік реактор жобасы;
• GE Hitachi Nuclear Energy (АҚШ, Жапония) қуаты аз RX-300 модульдік реактор жобасы;
• Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (Қытай) CPR-1000 реактор жобасы;
• Korea Hydro and Nuclear Power (Оңтүстік Корея) APR-1400 реакторының жобасы.

Ресейде шығарылған ВВЭР-1200 реакторы – әлемдегі ядролық реактордың соңғы буын III+ (3+). ВВЭР технологиясында жылу нейтрондарында реакторы бар қос тізбекті ядролық бу өндіретін корпус қондырғысы пайдаланылады. Онда жылу тасымалдағыш және баяулатқыш қарапайым су болып саналады. 

Әлемдік тәжірибеде ядролық реактордың ең көп таралған түрі – қысыммен жұмыс істейтін су реакторы (PWR). Бүгінде осындай 302 реактор бар. Бұл барлық жұмыс істеп тұрған реактордың – 68%-ы.

Сондай-ақ су реакторы (BWR) (жалпы саны 63), ауыр ядролық реактор (PHWR) (жалпы саны – 48) да танымал. Қазіргі таңда
салынып жатқан реактордың 80%-ы PWR реакторына тиесілі.

Сонымен қатар Қазақстанда жарты ғасырдан аса уақыт ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік беретін ядролық реакторлар жұмыс істейді. Оның екеуі – Байкал-1 және ИГР – Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта, ал үшіншісі – ВВР-К – Алматы маңындағы Ядролық физика институтында орналасқан.

ИГР – экстремалды жағдайларда реакторлық отынды сынақтан өткізуге, әрі ядролық техника объектілерінде сынақ жүргізуге мүмкіндік беретін бірегей реактор. Осылайша, Қазақстан атом энергетикасын дамыту алатын, кадрлық әлеуеті және ғылыми базасы бар мемлекет болып саналады.

Фото: Росэнергоатом

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу