Қазақстан – АҚШ: инвестициялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық күшейеді

2026 жылы Астана мен Вашингтон арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік тың серпін алды.  

Қазақстан – АҚШ: инвестициялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық күшейеді Фото: sputnik.kz

Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлесуі мұны тағы да айғақтай түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тараптар саяси және экономикалық ықпалдастықты, ядролық қаруды таратпау мәселелерін, Қазақстанның МАГАТЭ-мен өзара іс-қимылын талқылады.

Әңгіме барысында мемлекет басшылары саяси және экономикалық ықпалдастықты, сондай-ақ бұған дейін АҚШ-қа жасалған сапар аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын сөз етті. Бұл ресми байланысқа дейін Қазақстан Президенті АҚШ сенаторы Стив Дэйнспен, АҚШ Президентінің арнайы өкілі Серджио Гормен, сондай-ақ Ақ үй және америкалық бизнес өкілдерімен бірқатар маңызды кездесу өткізген болатын.

Келіссөздер аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонның "ақыл-ой саясаты" мен Қазақстандағы "Заң мен Тәртіп" қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құру стратегиясының өзара үндестігін ерекше атап өтті. Сауда-экономикалық бағытта тараптар халықаралық санкциялық комплаенс ережелерін сақтай отырып, инфрақұрылымдық жобаларды, соның ішінде "Орта дәлізді" дамытуға және АҚШ-тың Қазақстанның мұнай-газ, IT және энергетика секторларына құятын инвестицияларын қорғау тетіктерін бекітуге басымдық берді.

Қазақстан-Америка қарым-қатынасының қазіргі даму деңгейі мен оның маңызы туралы АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі, Каспий саяси орталығының қауіпсіздік және саясат бағдарламасының төрағасы әрі басқарма мүшесі Ричард Э.Хоугланд өз бағасын берді.

– Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың тікелей телефон арқылы сөйлесуі АҚШ әкімшілігі өкілдерінің және Сенатор Стив Дэйнстің Қазақстанға жасаған сапарынан кейін бірден іске асты. Мемлекет басшысының Сенатор Дэйнспен кездесуінің саяси салмағы зор. Өйткені, Стив Дэйнс – АҚШ Сенатындағы Орталық Азия бойынша топтың негізін қалаушылардың бірі, аймақты жақсы түсінеді және қазіргі америкалық президенттің саяси партиясының өкілі болып табылады. Мұндай байланыстардың жүйелілігі қос ел арасындағы тарихи қалыптасқан оң қарым-қатынасты нығайтып, өзара сенімге қосымша негіз қалайды, – дейді ол.

Оның сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған институционалдық модернизациясы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыра түспек.

– Бұл өзгерістер елдің сыртқы сын-қатерлерге уақытылы жауап беріп, күрделі геосаяси жағдайда дербес саясат жүргізе алатын кемел әрі тәуелсіз мемлекет екенін көрсетеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен басталған көпвекторлы бағыт Астанаға ірі жаһандық күштердің ешқайсысын бір-біріне қарсы қоймай, барлығымен сындарлы байланыс ұстауға мүмкіндік берді. Қазіргі сәтте бұл позиция Қазақстанға өзге серіктестерімен қарым-қатынасты үзбей-ақ, АҚШ-пен байланысты нығайтуға жол ашып отыр, – деді Ричард Э.Хоугланд.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы жоғары деңгейдегі байланыстар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық диалогты жандандырып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестіктің жаңа кезеңінде инвестициялық қауіпсіздік мәселесі негізгі басымдықтардың біріне айналып отыр. Себебі, жаһандық экономикада геосаяси тәуекелдердің күшеюі, санкциялық шектеулер мен халықаралық жеткізу тізбектеріндегі өзгерістер инвесторлар үшін құқықтық кепілдіктердің маңызын бұрынғыдан да арттырды. Осындай жағдайда Қазақстан шетелдік капиталды қорғауға бағытталған институционалдық реформаларды жалғастырып, инвестициялық ахуалды тұрақты сақтауға мүдделі екенін көрсетіп келеді.

Соңғы жылдары АҚШ Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі саналады. Америкалық компаниялар мұнай-газ секторымен қатар, жаңартылатын энергия көздері, цифрлық технологиялар, көлік-логистика, тау-кен өнеркәсібі және қаржы қызметтері бағыттарында да белсенді жұмыс істеуде. Сондықтан, инвестициялардың қауіпсіздігі мен болжамды құқықтық ортаны қамтамасыз ету екі ел үшін де стратегиялық мәнге ие.

Бүгінде тараптардың назарында тек инвестиция көлемін ұлғайту ғана емес, олардың сапасын арттыру мәселесі де тұр. Яғни, жоғары технологияларды енгізетін, жаңа өндірістер ашатын, экспорттық әлеуетті күшейтетін және жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға ықпал ететін жобаларға басымдық берілуде. Мұндай тәсіл Қазақстан экономикасын әртараптандыру жөніндегі мемлекеттік саясатпен де үндеседі.

Бұдан бөлек, "Орта дәліздің" дамуы Қазақстанның халықаралық логистикадағы рөлін күшейтіп отыр. Еуропа мен Азияны байланыстыратын бұл бағыттың әлеуеті артқан сайын көлік инфрақұрылымына, цифрлық сервистерге және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге салынатын инвестициялардың да маңызы өсуде. Осы тұрғыда АҚШ компанияларының қатысуы жаңа технологиялар мен басқару тәжірибесін тартуға мүмкіндік береді.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты елдің түрлі экономикалық серіктестермен теңгерімді қарым-қатынас орнатуына жағдай жасап отыр. Бұл өз кезегінде инвесторларға ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру үшін қосымша сенім береді. Ал заң үстемдігін күшейту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және бизнес жүргізу рәсімдерін жеңілдету бағытындағы реформалар инвестициялық тартымдылықты арттырудың маңызды факторлары болып қала бермек.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық диалогтың маңызды бағыттарының бірі – халықаралық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап ядролық қарусыздану бағытын ұстанып, Семей сынақ полигонын жабу, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту арқылы жаһандық қауіпсіздікке елеулі үлес қосты. Бұл саясат бүгінгі күні де елдің сыртқы дипломатиясының негізгі тіректерінің бірі болып қалып отыр.

Қазақстан БҰҰ аясындағы бітімгерлік бастамаларды қолдап, түрлі халықаралық диалог алаңдарын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Астана келіссөздері, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (CICA), МАГАТЭ-мен әріптестік сияқты бастамалар еліміздің өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтудағы белсенді ұстанымын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда АҚШ-пен стратегиялық байланыстар тек экономикалық мүдделермен шектелмей, халықаралық қауіпсіздік архитектурасын нығайтуға бағытталған ортақ мақсаттарды да қамтиды.

Осылайша, Астана мен Вашингтон арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог тек дипломатиялық байланыстарды нығайтып қана қоймай, инвестициялық қауіпсіздік, технологиялық әріптестік және экономиканың жаңа салаларын дамыту бағытындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың берік негізін нығайтады Бұл өз кезегінде екі елдің стратегиялық әріптестігін жаңа сапалы деңгейге көтеруге серпін береді.

Қазақстан үшін мұндай ынтымақтастықтың тағы бір маңызды қыры – өңірлік тұрақтылық пен экономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету. Сарапшылардың пікірінше, инвестициялық қауіпсіздік тетіктерінің күшеюі халықаралық қаржы институттары мен трансұлттық компаниялардың сенімін арттырады. Соның нәтижесінде жаңа өндірістер іске қосылып, жоғары технологиялы жобалардың саны көбейіп, жұмыс орындары ашылады. Ал АҚШ үшін Қазақстан Орталық Азиядағы сенімді әрі болжамды серіктес ретінде стратегиялық маңызын сақтап отыр. Сондықтан алдағы кезеңде энергетика, сирек кездесетін металдар, жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және жасыл энергетика салаларындағы бірлескен жобалардың саны арта түседі деген болжам бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу