Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Сенатта өткен парламенттік тыңдауда айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство өкілі тамақ өнімінің сапасы және қауіпсіздігінің халықтың денсаулығына әсері туралы мәселе өзекті екенін айтты.
"Әлемдегі сияқты Қазақстанда да инфекциялық емес аурулар барлық өлімнің 84%-ына себеп болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау мәліметтері бойынша төрт негізгі ауру, яғни жүрек-қан тамырлары аурулары, 2 типтегі қант диабеті, семіздік, онкология мезгілсіз өлімге себеп болуы мүмкін. Мұндағы тәуекел факторларының бірі – дұрыс тамақтанбау. Құрамында майы, қанты және тұзы көп тағамдарды тұтынудың артуы инфекциялық емес аурулардың көбеюіне, жұмысқа қабілеттіліктің жоғалуына және денсаулық сақтаудың айтарлықтай шығындарына әкеледі, жалпы экономикаға теріс әсерін тигізеді", – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Вице-министр келтірген деректерге сүйенсек, 2022 жылмен салыстырғанда қан айналымы ағзаларының ауруы мен сырқаттанушылық көрсеткіші 6,2%-ға, семіздік 2,5%-ға, қант диабеті 16,7%-ға артқаны байқалады.
"Қазақстанда тұзды тұтынудың жоғары деңгейі байқалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тәулігіне 5 граммға дейінгі деңгейді ұсынып отырғанда, бұл елімізде тәулігіне 17 граммды құрайды. 6-9 жас аралығындағы балалардың 16,7%-дан астамы күн сайын, 50 пайыздан астамы апта сайын қантты сусындарды тұтынады. Салдарынан 6-9 жас аралығындағы әрбір бесінші баланың артық салмағы бар, оның 7%-ы семіздік ауруына шалдыққан", – деп жалғастырды ДСМ өкілі.
Тимур Сұлтанғазиевтің сөзінше, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселесімен қатар, халықтың тамақтануын жетілдіру, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, бизнесті пайдалы және таза өнім өндіруге тарту, халықпен ақпараттық-коммуникациялық жұмысты күшейту мәселелеріне назар аударуды талап етеді.
Денсаулық сақтау министрлігі халықтың трансмайларды, тұзды шамадан тыс тұтынуын азайту жөніндегі іс-шараларды көздейтін инфекциялық емес аурулардың алдын алу бойынша жол картасын іске асырып жатыр. Бұдан бөлек мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында тәтті сода мен сергітетін сусындарды, фаст-фудты, чипсилерді, крекерді сатуға тыйым салынды.
Денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде құрамында қант бар сусындарға салық енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Келесі жылдан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға, сондай-ақ сауда автоматтары арқылы энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды.