Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі inbusiness.kz-ке хабарлағандай, қабылданған түзетулерге сәйкес, резидент емес тұлғаларға арналған төлем карталарының әрекет ету мерзімі 12 ай болды, алайда бұл өзгерістер бұрын шығарылған төлем карталарына қолданылмайды. Төлем картасының мерзімі аяқталғаннан кейін резидент емес тұлға картаны қайта шығаруы керек, ал көптеген банк картаның мерзімі өткеннен кейін онлайн-банкинг қызметтерін ұсынады.
Еске салайық, агенттік бұған дейін резидент емес тұлғалар үшін төлем карталарының әрекет ету мерзімін 12 аймен шектеді және банктерді бейрезиденттер мен олардың өкілдерінің құжаттарын тексеруге міндеттеді. Бұл шешім банк қызметтерін заңсыз операцияларда, оның ішінде есірткі айналымы мен цифрлық активтермен байланысты тәуекелдерді азайту мақсатында қабылданды.
Жуырда кейбір екінші деңгейлі банктер резидент емес тұлғаларға төлем карталарын беруді мүлдем тоқтатты, олар мұны техникалық мәселелермен байланыстырды. Бірақ та бірнеше банк жақында резидент емес тұлғаларға карталарды қайта беруді бастады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі агенттігі сонымен қатар резидент емес тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаты бар болған жағдайда банк бөлімшесіне тікелей барып, қажетті операцияларды орындауға болатынын айтты. Мәселен, қолма-қол ақша алып, ақша аударымдарын жасай алады.
"Қабылданған өзгерістер бойынша резидент емес тұлғалардың төлем карталарындағы ақша қаражатын "тоқтату" мәселесі туралы айтылмады. 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы агенттік басқармасының қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы бейрезиденттерге арналған төлем карталарының әрекет ету мерзімі 12 аймен шектелген. Алайда бұл өзгеріс резидент емес тұлғалардың өз қаражаттарына қолжетімділігіне әсер етпейді. Себебі карталарға байланған банк шоттары картаның мерзімі аяқталғаннан кейін де жұмыс істей береді. Банк клиентті картаның мерзімінің аяқталуы туралы алдын ала хабардар етіп, қаражатты банк шотынан пайдалану мүмкіндігін ұсынады", – делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ агенттік редакция сауалына жауап бере отырып, төлем картасын жаңа 12 айлық мерзіммен қайта шығару заңнамалық талаптарға сәйкес кез келген уақытта мүмкін екенін түсіндірді, осыған байланысты карталардың әрекет ету мерзімін өзгерту резидент емес тұлғалардың карталық шоттарын бұғаттауға әкелмейді. Қазір мұндай шоттардың бұғатталуы жағдайлары тіркелген жоқ, сондай-ақ тиісті статистика да жоқ. Өйткені бұл өзгерістер осы жылдан бастап күшіне енді. Карталарды қайта шығару және қаражатқа қол жеткізу процедуралары өзгеріссіз қалған, тек бейрезиденттердің жаңа карталарының әрекет ету мерзімі қысқартылған.
"Агенттіктің қаржы реттеушісі ретіндегі міндеті – тұтынушылардың қаржы қызметтерін қорғаудың тиімді құралдары мен сенімді құқықтық негізін қамтамасыз ету. Қабылданған шаралар бейрезиденттердің алаяқтық схемаларға қатысуын азайтуға, сондай-ақ карталарды заңсыз тұлғаларға рәсімдеу арқылы қаржы қылмыстарымен күресу және қаржылық транзакциялардың қауіпсіздігін арттыруға оң әсерін тигізеді", – деп толықтырды агенттік.
Агенттік осыған дейін редакцияның сауалына берген жауабында бейрезиденттерге карталардың әрекет ету мерзімін шектеу шешімі көбінесе бұл карталардың қылмыстық жолмен алынған қаражатқа қол жеткізу және терроризмді қаржыландыру сияқты заңсыз схемаларда пайдаланылуымен байланысты екенін баса айтты. Карталардың әрекет ету мерзімін қысқарту мұндай мақсаттар үшін карталарды пайдаланудың мүмкіндігін азайтуға ықпал етеді.
Бұл шара – елдің қаржылық қауіпсіздігін жақсартуға, халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етуге, алаяқтықпен, қаржы жымжықру және басқа да қылмыстық әрекеттермен күресуге бағытталған кешенді қадам.
Банктер әртүрлі факторларды ескеріп отыр. Мысалы, клиенттің елі, оның қаржылық белсенділігі мен транзакциялар тарихы. Бұл Қазақстанның қаржылық нарығын ақша жымқыру және терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдалану мүмкіндігін алдын алуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бейрезиденттер карта алу үшін елдегі құқықтық мәртебесін растау үшін бірқатар құжаттарды ұсынуы тиіс. Оның қатарында келесі құжаттар бар:
- Шетелдік паспорт;
- Резиденттікті немесе елде болуын растайтын басқа құжаттар (еңбек келісімшарты, оқу орнынан анықтама және т. б.);
- Салық төлеушінің идентификациялық нөмірі;
- Банк сұрататын қосымша құжаттар.
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдан 2024 жылға дейін еліміздің банктерінің карталарын 695 мыңнан астам ресейлік азамат алған.