Қазақстан халқының 11 пайызы тауар мен қызмет ақысын онлайн төлейді. Бұл туралы Қазақстанның интернет бизнесі қауымдастығының төрағасы Константин Горожанкин мәлімдеді, деп хабарлайды naryk.kz.
Оның болжамынша, алдағы үш жылда бұл көрсеткіш 20 пайызға жетпек.
"Қазір халық әуе мен темір жол билеттерінің ақысын, кино билеттерін, тамақты үйге жеткізу, киімге тапсырыс беру секілді тауар мен қызметтерді онлайн төлей бастады. Қазақстанның 11 пайызы онлайн төлейді. Қытайда бұл көрсетіш 40 пайыз болса, Ресейде 17 пайыз", — дейді қауымдастық басшысы.
Горожанкиннің айтуынша, e-commerce дамыту үшін халықтың кемінде 20 пайызы интернетте отыруы керек. Қазақстанда электронды желі шамамен 1995 жылдары пайда болды. Ал электронды сауда 2012 жылы басталды. Осы бес жыл аралықта елде электронды сауда әбден қалыптасты.
"Қазір біздің кәсіпкерлердің Орталық Азияға шығуға мүмкіндігі мол. Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанда биыл болмаса келер жылы халықтың 20 пайызы интернетте отыратын болады. Осы кезде интернет саудада жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Сонымен қатар, Оңтүстік Азия мен Африканың интернет нарығы да әзірге бос тұр", — дейді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан интернет саудада жаңалық ашуға әлі дайын емес. Силикон аңғарынан келетін өнімді пайдалансақ жеткілікті. Дегенмен, Орталық Азияда Алматы жаңалықтар ашатын технологиялық хабқа айнала алар еді.