Қазақстан коронавирусқа қарсы шараларды күшейтудің төртінші кезеңін бастады

1786

2 наурыз күні өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шаралары қаралды.  

Қазақстан коронавирусқа қарсы шараларды күшейтудің төртінші кезеңін бастады

Сондай-ақ Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың, ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің және ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевтің қатысуымен ауқымды баспасөз конференциясы өтті. 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шаралары. 

Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам жоқ

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Премьер-Министріне қазіргі таңда әлемде COVID-19 пневмониясымен 88 571 адам тіркелгенін және оның 1951-ы соңғы тәулік ішінде орын алғанын хабарлады. Күн сайынғы өсім қарқыны 2,25%-ды құрады. Соның ішінде Қытай Халық Республикасында 80 174 адам ауруға шалдығып, 206-ы соңғы тәулік ішінде тіркелді (күн сайынғы өсім – 0,25%), 44 518 адам жазылып шықты (55%). Стационарларда әлі де 32 741 науқас ем алуда. 

Қытайдан басқа, 43 елде 8 397 адамда коронавирустық инфекция расталды. Науқастардың көбі Оңтүстік Корея, Италия, Иран, Жапония елдерінде тіркелген және орташа тәуліктік өсу қарқыны 30%-ды құрады.

Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың 6 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша күшейтудің үш кезеңін іске асырды. Биылғы 1 наурыздан бастап сол елдерден келген тұлғаларға карантиндік іс-шаралар қолданылатын елдердің тізбесін кеңейтетін күшейтудің 4-кезеңі енгізілді.

Үкімет ҚР-да коронавирустық инфекцияны анықтау және тарату кезіндегі Іс-қимыл алгоритмін әзірледі ("Б Жоспары")

Биылғы 1 наурыздан бастап ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен бірінші санаттағы елдер қатарына Қытай Халық Республикасымен қатар, Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Гонконг (ҚХР), Тайвань (ҚХР) және Макао (ҚХР) жатқызылды. 

"ҚХР мен Ираннан келген азаматтар міндетті түрде 14 күндік карантинге жатқызылады және ауруханадан шыққаннан кейін қосымша 10 күн ішінде медициналық бақылауда болады", – деді денсаулық сақтау министрі.

Бірінші санаттағы қалған елдерден келген (Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Гонконг (ҚХР), Тайвань (ҚХР) және Макао) азаматтар 14 күнге тұрғылықты жері бойынша карантинге орналастырылады. Бірақ санитарлық қызметтің шешімі бойынша бұл адамдар медициналық ұйымдағы карантинге ауыстырылуы мүмкін. 
Екінші санаттағы елдерден келген азаматтар 14 күн ішінде тұрғын жері бойынша медициналық бақылауда болады және қосымша 10 күн бойы қоңырау шалу арқылы қашықтықтан бақылау астында болады.
Үшінші санаттағы елдерден келген азаматтар 24 күн ішінде қоңырау шалу әдісімен қашықтан бақыланады.

Бақылауға 30 мыңнан астам адам алынды. Бүгінгі күні инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты бақылаудан азаматтардың негізгі бөлігі шығарылды. 6 474 адам әлі де медициналық бақылау үстінде.

ҚР сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өз кезегінде коронавирус инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық қаупі жоғары елдердегі шетелдік мекемелерімізде жедел штабтар құрылғанын, біздің азаматтарды эвакуациялау бойынша іс-әрекеттер алгоритмдері қабылданғанын және консультациялар беру мақсатында "жедел желілер" ашылғанын жеткізді.

Бүгінгі таңда Қытайдан 480 қазақстандық эвакуацияланды. 

Қытаймен тұрақты әуе рейстері, жаяу жүру бекеттері, темір жол/автомобиль жолаушы тасымалы тоқтатылды. 2020 жылғы 3 ақпаннан бастап Қытайдағы барлық шетелдік азаматтарға виза беру тоқтатылды.

Биылғы 5 наурыздан бастап Әзербайжанмен әуе рейстері қысқарады және Иран азаматтарының Қазақстанға кіруіне тыйым салынады.

Қолда бар мәліметтер бойынша, аталған елдерде 95 мыңнан астам азаматтарымыз бар, оның ішінде 35 мыңы Кореяда, 40 мыңы – Америка Құрама Штаттарында, 5100 – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 5000 – Германияда, 3000 – Ұлыбританияда, 1800 – Италияда, 1000 – Францияда. Олардың басым бөлігі – студенттер, еңбек мигранттары, шетелдегі мекемелердің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері, туристер мен бизнесмендер.

"Эпидемиологиялық ахуал ушыққан жағдайда, қазақстандық азаматтарды эвакуациялау мәселесі дер кезінде қарастырылатын болады. Бүгінгі таңда шетелдегі Қазақстан азаматтарының арасында коронавируспен ауырған жағдайлардың тіркелмегенін ерекше атап өткен жөн", – деді сыртқы істер министрі. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Қамалиев Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық тұрақты рейстер (аптасына 34 рейс) 2020 жылғы 3 ақпаннан бастап тоқтатылғанын айтты. 2020 жылғы 1 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан – Сеул және Алматы – Сеул бағыттары бойынша тұрақты рейстердің саны аптасына 9-дан 3-ке дейін қысқарды.

"Mahan Air" әуе компаниясының Алматы – Тегеран бағыты бойынша рейстері биылғы 1 наурыздан бастап тоқтатылды (аптасына 1 рейс). Сондай-ақ осы жылдың 5 наурызынан бастап Нұр-Сұлтан – Баку рейсі тоқтатылады. Алматы – Баку рейсі 5-тен 1 рейске, Ақтау – Баку рейсі 7 рейстен 1 рейске дейін қысқартылды. Нұр-Сұлтан – Токио әуе бағдары 2-ден 1 рейске дейін қысқартылды. 

"Аталған рейстердің тоқтатылуына байланысты, билеттері бар жолаушылар ағымдағы жылдың 1 наурыздан бастап жоғарыда көрсетілген рейстерге билет алған орны бойынша айыппұл санкцияларынсыз және толық көлемде қайтара алады", – деді Б. Қамалиев.

Жолаушылар тасымалы саласында осы жылдың 27 қаңтарынан бастап Қытай Халық Республикасымен барлық 13 тұрақты автобус бағыты тоқтатылды.

Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов өңір әкімдіктерінің назарын адамдар көп жиналатын жерлерде санитарлық дезинфекция жұмыстарын күшейту қажеттігіне аударды. Оның ішінде – оқу орындарында, діни нысандарда, сауда орындарында, әуежайларда, темір жол және автовокзалдарда. Бұл тізім қажеттілігіне қарай өзгеруі керек.

Үкімет Қазақстанда коронавирустың таралуына қарсы алдын алу шараларының кешенін күшейтуде

ҚР Үкіметінің басшысы баяндамашыларды тыңдаған соң әлемде жағдайдың ушығып кеткенін айтты. Вирус 50-ден астам елге таралып үлгерді және өте белсенді түрде таралуда.

"Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шараларын жалғастыру қажет. Вирус сондай-ақ әлемдік экономикаға, атап айтқанда, өнеркәсіпке, транзитке, сауда мен экспортқа кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдау қажет", – деді А. Мамин.

Үкімет басшысы мемлекеттік шекараның барлық өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді және Іс-қимыл алгоритмінде жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, елімізде бұған дейін жоспарланған ірі халықаралық іс-шараларды өткізу уақытын ауыстыру жөнінде ұсыныстар енгізу, короновирустық инфекцияның таралуы бойынша қолайсыз жағдай орын алған елдер үшін транзиттік, электрондық, туристік визаларды беруді уақытша тоқтату тапсырылды.

А. Мамин фармацевтикалық кәсіпорындарда медициналық маскалар мен басқа да қорғаныс құралдары өндірісін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды

"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронаровирус белсенді түрде таралып жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектесін. Сондай-ақ, біздің фармацевтикалық кәсіпорындарда медициналық маскалар мен басқа да қорғаныс құралдары өндірісін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді А. Мамин.

Премьер-Министр өңірлер әкімдіктеріне мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда, әсіресе, мектептерде, оқу орындарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтарында, базарларда және т. б. жерлерде эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейтуді тапсырды.

"Әкімдіктер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі коронавирустық инфекцияның таралу деңгейі қолайсыз елдердің азаматтары үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруді тоқтатсын", – деді А. Мамин.

Үкімет сыртқы нарықтардағы коронавирусқа байланысты конъюнктураның айқынсыздығы жағдайында ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс – А. Мамин

Отырыстың күн тәртібінің екінші мәселесі – Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы

ҚР сауда және интеграция министрі Б. Сұлтановтың мәлімдеуінше, 2019 жылдың қорытындысы бойынша саудадан түсетін экономикалық әсер ЖІӨ құрылымында 17%-дық, ал нақты өсімде 7,6%-дық үлесті құрады, ал жұмыспен қамтылған қызметкерлердің саны 1,4 млн адамға жетті. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы – $96,1 млрд, оның ішінде экспорт – $57,7 млрд және импорт $38,4 млрд құрады. Ішкі тауар айналымы 37,5 трлн теңгеден асты, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 11%-ға артық.

Әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарламаның мақсаты –  нарықты сапалы өніммен молықтыруды және экспорттық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін заманауи сауда жүйесін құру және дамыту.

Алдын ала бағалау бойынша, Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға жеке инвестицияларды қоса алғанда шамамен 285 млрд теңге қажет. Жоспарланған міндеттерді орындау 2025 жылға қарай сауданың орташа жылдық жалпы қосылған құнын 106,2%-ға арттыруға, ұлттық стандарттарды қолдану деңгейін 41%-дан 75%-ға дейін арттыруға, тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортын $41 млрд-қа дейін ұлғайтуға, бөлшек тауар айналымынан электронды сауда үлесін 10%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ көлеңкелі сауда үлесін 31%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік банктің өкілі Ш. Рахарджа ҚР-да сауданы дамыту мәселесінің өзектілігі мен тәсілдері туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, сауда –  табысты елдердің дамуының бір бөлігі, әсіресе үлкен аумағы бар, бірақ салыстырмалы түрде шағын ішкі нарығы бар Қазақстан үшін аса маңызды.

"Сауда бизнеске үлкен нарыққа, жоғары сапалы тұтынуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, бұл табыстың өсуін сақтау үшін қажет", – деді Ш. Рахарджа.

Үкімет басшысы Мемлекеттік бағдарламаның жобасын Үкіметке енгізуді қамтамасыз етуді, орталық және жергілікті атқарушы органдарға – құжатты әзірлеуге белсене қатысуды тапсырды.

"Құжатта қолайлы тұтыну ортасын құруға, халықты сапалы және қауіпсіз тауарлармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бағдар орнатылуы тиіс", –  деді А. Мамин.

Отырыс қортындысы бойынша Үкіметтің баспасөз орталығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың, ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің және ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. 

Журналистердің алдында сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді. 

"Қатер туындаған сәттен бастап осы уақытқа дейін 11 отырыс өткізіліп, тиісті органдарға 110-нан астам тапсырма берілді. Бүгінде вирустың таралу аймағы қысқа мерзім аралығында жылдам артты. Әлемде жағдайдың ушығуына байланысты, Үкімет бірқатар қосымша шараларды қабылдады", –  деді Е. Тоғжанов.

Оның айтуынша, ҚХР-дан жүк тасымалын жүзеге асыратын автомобиль көліктерінің жүргізушілері үшін медициналық бақылау алгоритмі белгіленді. Бүгінде барлық жүк тасымалы тек темір жол арқылы өтеді. 

Вице-премьердің айтуынша, бұл шаралар Қазақстан–Қытай өзара қарым-қатынастарының экономикалық құрауышына қарсы, бірақ олар қазіргі жағдайда өте маңызды. 

"Экономика мәселесі – бұл аса маңызды мәселе. Алдын ала мәліметтер бойынша, тек Қытай бойынша 1%-ға дейін төмендеу күтіледі. Егер Қытайдың әлем экономикасындағы 24% үлесін ескерсек, әрине, бұл мәселе көптеген елдерге, оның ішінде Қазақстанға да қатысты болады. Алайда ауқымды экономикалық зиян шегетінімізді түсіне отырып, біз адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығына нұқсан келтіруге құқымыз жоқ. Біз үшін бұл мәселенің экономикалық құрауышынан гөрі, адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы маңыздырақ", –  деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Қазақстандық студенттерге қатысты жақсы жағдай қалыптасқан, олардың көбісі демалыс уақытында Қазақстанда жүр. Студенттердің барлығына Оңтүстік Кореяға шықпауға кеңес берілді. ҚР БҒМ-ге орын алған жағдайды ескере отырып, аталған ЖОО-лардың басшылығымен оқыту мерзімін созу туралы келіссөз жүргізу туралы нақты тапсырмалар берілді. 

Е. Тоғжанов тұрғындарды вирусқа қарсы шараларды орындауға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды. 

"Біздің әрқайсымыз міндетті түрде өз үйімізде, жұмыс ортасында, әлеуметтік ортада вирусқа қарсы қатаң шараларды орындауымыз қажет. Бұл Үкіметтің ғана емес, әрбір отбасының, әрбір мемлекеттік органның, әрбір ұйымның жауапкершілігі", – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілер арқылы таралған жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Жалған ақпарат таратқаны үшін заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясы жоқ екенін хабарлады. Министрлік қабылдап жатқан шаралар бірінші кезекте ел аумағына инфекцияның әкелінуінің алдын алуға бағытталған. Бүгінде шамамен 1 млн адам елге оралды, егер олардың арасында науқас адамдар бар болған болса (температурасы көтерілген немесе ауамен жұғатын инфекция сипаттарымен), онда олар міндетті түрде ауруханаға жатқызылып, тиісті тексеруден өткізіліп, емделеді. 

Тілшінің инфекция профилактикасы туралы сұрағына Е. Біртанов жеке гигиенаны мұқият сақтауды ұсынды, өйткені инфекция ауа-тамшылы жолмен беріледі.

"Тұрақты гигиена, бет пен қолды жиі жуу – ең жақсы тәсіл. Сонымен қатар, коронавирустық инфекция тіркелген елдерге қажетсіз саяхаттап барудан аулақ болу керек, температурасы жоғары адамдармен байланысқа түспеуге тырысу қажет. Сонда ауырып қалмауға болады", –  деп түйіндеді денсаулық сақтау министрі. 

Журналистердің сонымен қатар медициналық маскалармен қамтамасыз етілу мәселесі толғандырды, себебі, кейбір дәріханаларда олар жоқ. 

Спикерлер маскамен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде күн тәртібінде тұрғанын, Қазақстан маскалармен толық көлемде жақында қамтамасыз етілетінін айтты, 

"Орын алған дүрбелең, байбалам үлкен шығын әкелуде, себебі бөлшек саудадағы бүкіл көлемді азаматтар бүгінде сатып алған. Қосымша өндіру мәселесі қаралып жатыр", –  деді денсаулық сақтау министрі. 

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың айтуынша, дені сау адамға маска киюдің қажеті жоқ. Ең алдымен, маскалар науқастар мен тәулік бойы түрлі инфекциялары бар пациенттермен байланысқа түсетін медицина қызметкерлері жұмыс істейтін медициналық мекемелерде міндетті түрде болуы тиіс.

Өз кезегінде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қазақстандық кәсіпорындардың өнімділігі тәулігіне 170 мың масканы құрап отырғанын хабарлады. 

"Ай сайын бұл кәсіпорындар 5 млн дана маска шығарады. Оны 6,5 млн данаға дейін көбейтуге мүмкіндік бар. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша біз оларды қамтамасыз етумен айналысып жатырмыз. Олардың шикізаты жыл соңына дейін жеткілікті. Тек бір компанияда ҚХР-дан жеткізушілер шикізат орнына медициналық маскалардың 50%-ын беруді сұраған жағдай болды. Бұл мәселе шешілді", –  деді Б. Қамалиев.

Е. Тоғжанов нақты мемлекеттік органдарға, ең алдымен, шекара маңы және кеден қызметтеріне Қазақстан шекарасынан тыс жерлерге маскаларды шығаруға қатаң тыйым салу туралы тапсырма берілгенін хабарлады. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер, ең алдымен, Қазақстаннан Қытайға жеткізу тұрғысынан орын алған. 

ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевке Сауд Арабиясының қазақстандықтарға туристік визаны беруді тоқтатуына қатысты сұрақ қойылды. Министрдің бірінші орынбасары бұл ақпараттың дұрыс емес екенін айтты. 

"Бастапқыда БАҚ-та жарияланған ақпарат дұрыс емес болды. Ондағы тізімде барлығы 7 ел болды. Шын мәнісінде, шектеу 21 елге қатысты болатын. Қазақстан 49 елдің қатарына кірген жеті елдің қатарында көрсетілді, бұл елдердің азаматтары Сауд Арабиясына келген соң әуежайда виза ала алады", –  деді министрдің бірінші орынбасары.

Сонымен қатар оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның Иранда 170 азаматы, Оңтүстік Кореяда 34 600 азаматы бар. 

"Ираннан эвакуациялау мәселесі әзірге қаралып жатқан жоқ. Дегенмен, біздің Елшілік барлық азаматтармен жұмыс жасап жатыр. Ираннан елге оралғысы келетін жағдайда, олар қажетті көмекті көрсетуге әзір", –  деді Ш. Нұрышев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу