Қазақстан-Қытай шекарасындағы көлік кезегі мәселесі шешілуде

1019

Күніне өтетін көліктер саны 20-дан 100 бірлікке дейін ұлғайтылды. 

Қазақстан-Қытай шекарасындағы көлік кезегі мәселесі шешілуде

Қытай тарапы пандемия басталғаннан бері шекарада санитарлық бақылауды күшейтті. Соған сәйкес күнделікті өтетін көліктер саны 20 бірлікке дейін қысқарған болатын. Салдарынан "Нұр жолы" өткізу пункті ауданында автокөлік құралдары топталып, Қазақстаннан Қытайға шығуға күн сайын 1800 автокөліктен тұратын кезек қалыптасқан. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінен хабарлады. 

Комитет таратқан ақпаратқа сүйенсек, мәселені шешу үшін бірқатар шара қабылданған. Оның ішінде қытай тарапымен келіссөздер жүргізіліп, өткізілетін көлік саны күніне 20 бастап 100 бірлікке дейін ұлғайтылған. 

Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап бұрын уақытша жабылған "Қалжат", "Бақты", "Майқапшағай" өткізу пункттері ашылды. Алайда Қытай тарапынан өткізу пункттерінің жабылуына байланысты тауарлар мен көлік өткізілмейді. 

Ал қытайлық жүргізушілер енді визасыз режімде 24 сағатқа өткізу пунктінің аумағына кіре алады.

Сонымен қатар, Қытайға өнімдер экспорттайтын отандық кәсіпкерлер үшін "жасыл дәліз" құрылды. Оларды өткізу кезектен тыс жүзеге асырылады.

"Осылайша, шекарада көліктің топталуын азайтуға бағытталған барлық шаралар қабылданды, оның ішінде Үкіметтік деңгейде Қытай Мемлекеттік кеңесіне Қытаймен тауар айналымын ұлғайту жөніндегі ұсыныстармен үндеу жолданды", – деп жазылған хабарламада.

Қытай тарапы тауарларды өткізудің жаңа тәртібін келіскеннен кейін шекара арқылы өткізілетін көлік санының күніне 200 бірлікке дейін артуы көзделген.
Алайда, ағымдағы жылдың 20 шілдесінен бастап Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты Қытай тарапы Қазақстан тарапынан көлік қабылдауды күніне 10 бірлікке дейін қысқартты.

Шекара арқылы бірінші кезекте қытай тарапына гуманитарлық жүктерге жіберілетін экспорттық тауарлар мен тасымалдаушылар, сондай-ақ тасымалдауға арналған келісім-шарттары бар тасымалдаушылар өткізіледі.

Кезек күтетін автокөлік құралдарының негізгі көпшілігінде тасымалдауға арналған келісімшарттар жоқ және ҚХР тарапынан тапсырыс алу үмітімен Қытайға кіруді күтуде.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу