Қазақстан МӘМС жүйесінен бас тартпайды

325

Жауапты министрлік халықтың сынына ұшыраған жүйені жаңғыртуға ниетті. 

Қазақстан МӘМС жүйесінен бас тартпайды Фото: Түркістан газеті

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте МӘМС жүйесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"МӘМС-ті жаңғырту бойынша көптеген сұрақ болды. Өткен жылы да, биыл да қаншама талқылау жүргізілді. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобымен бірлесіп, МӘМС жүйесін жаңғырту бойынша қосымша ұсыныстар даярлаған болатын. Олар бірқатар проблемаға бағытталған. Бірінші мәселе – халықты МӘМС жүйесімен толығымен қамту. Қазір бұл жүйеде ел тұрғындарының 83 пайызы қамтылған. Біздің ұсынысымыз – жергілікті атқарушы органдардың көмегімен Жанұя картасындағы әлеуметтік және экономикалық жағынан ең осал топтағы азаматтарды осы жүйеге енгізу. Бүгінде бұл мәселе талқылану үстінде. Егер осы санатқа жататын азаматтар енгізілсе, онда 87-90 пайызға дейін халықты қамту көзделеді", - деді бірінші вице-министр тілшілердің сауалына берген жауабында.

Бұдан бөлек бірінші вице-министр медициналық сақтандыру жүйесінде екі пакет барын еске салды.

"Біздің ұсынысымыз – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін барынша азайтып, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін барынша арттыру. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе. Мәселен, ТМККК-ке ең қажетті деген медициналық көмек түрлерін енгізіп, қалғанын толығымен МӘМС пакетіне енгізу. Келесі мәселе – қаржыландырудың шектеулі болуы. МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін тағы да екі рет заңға өзгеріс енгізіп, жарналардың мөлшерін біраз азайтқан болатын. Солардың себебінен де МӘМС жүйесінде қаржылық тапшылық болғанын көріп отырмыз. Осы мәселені шешу үшін келесі жылдан бастап жоғарғы шектегі жалақының мөлшерін көтеруді ұсындық. Бұл 850 мың теңге жалақысы бар және одан да жоғары алатын жұмыскерлерге ғана әсерін тигізеді. Бұл ел халқының 9 пайызын құрайды. Осы бойынша МӘМС-ке қосымша қаражат келеді деп күтіліп отыр", - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Бұдан бөлек ДСМ өкілі ақпараттандыру және цифрландыру саласын жетілдіру мәселесіне де тоқталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу