Сенат Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық келісімін ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Келісімді ратификациялау екі мемлекет арасындағы әскери білім беруге, әскери қызметшілерді даярлауға, біліктілікті арттыруға, әскери медицина, ғылым, мәдени, спорт саласында ынтымақтастық іс-шараларын өткізуге, және өзге де салалаларда келісілген қызметтер мен жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қызметшілерді тілге үйрету, ақпараттардың құпиялығын сақтау, кедендік рәсімдеу, дауларды шешу, тәжірибе алмасу, бірлескен оқу-жаттығу өткізу, бейбітшілік пен бітімгерлікті қолдау операцияларда консультациялар алу қарастырылған, заң мәселелері бойынша түзетулер енгізу тәртібі айқындалған", – деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Келісім жауынгерлік даярлық іс-шараларын өткізу кезінде осы елдердің әуе кеңістігін және әскери полигондарын өзара келісілген мерзімдерде пайдалану, техникаларды тасымалдау мүмкіндігін көздейді, делінген құжатта.
Екі ел арасындағы тиісті келісім 5 жыл мерзімге жасалды. Көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін тараптар алты айдан кешіктірмей келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабардар етпесе, уағдаластық келесі бес жылға автоматты түрде ұзартылмақ.
Айта кету керек, осыған дейін Қазақстан Қатарға әскери полигонын пайдалануға беретінін жазған болатынбыз. Екі ел әскери ынтымақтастығын нығайтады.