Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов ресейлік әріптесі Борис Титовпен кездесті. Бизнес-омбудсмендер екі елдегі әкімшілік реттеудің ерекшеліктерін, сондай-ақ ЕурАзЭҚ шеңберіндегі кәсіпкерлердің экономикалық ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.
Рустам Жүрсінов Қазақстанда пандемия басталысымен тексерулерге енгізілген мораторий 2023 жылға дейін жалғасатынын айтты: "Содан кейін "таза парақтан реттеу" жобасы аясында жаңа тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Ескі нормативтік талаптар толығымен алынып тасталады, ал жаңалары билік пен бизнес арасында төреші ретінде қызмет ететін сарапшылардың қатысуымен жасалады".
Ол Қазақстанда 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес, мемлекет пен кәсіпкер арасында дау туындаған жағдайда, кәсіпкер ақталуға тиіс емес, керісінше, мемлекет кәсіпкердің бұзушылыққа жол бергенін дәлелдеуі тиіс екенін хабарлады.
Өз кезегінде Борис Титов Ресейде реттеуші гильотина бойынша көптеген топ жұмыс істеп жатқанына қарамастан, еңбек заңнамасындағы, фитосанитариялық бақылаудағы және басқа да құжаттардағы ескірген талаптардың бір бөлігі әлі де сақталғанын айтты. Сонымен қатар Ресейлік сот жүйесіне жасанды интеллектті енгізу мәселесі жолға қойылды.
"Жасанды интеллектті енгізу шаруашылық шарттарды жасауға және тексеруге жұмсалатын еңбек шығындарын үнемдеу есебінен бизнестің шығындарын төмендетеді. Шарттарда заңдарға сілтеме жасалады, ақпараттық жүйе оларды тексереді және бұл тексеру заңды мәнге ие болады. Ішінара автоматтандыру арқасында сот жүйесі жеңілдейді, онда ең маңызды және күрделі істер үшін ресурстар босатылады", – деді Борис Титов.
Титов реттеуші гильотина үшін де барлық нормативтік-құқықтық актілерді цифрлық талдау үшін жарамды стандартталған түрге ауыстыру қажет екенін атап өтті.