Қазақстан мен Швейцария арасында бағалы бұйымдар экспорты артуы мүмкін

Бұған қос ел арасында бағалы бұйымдардағы таңбаны өзара тану жөніндегі келісім ықпал етеді.  

Қазақстан мен Швейцария арасында бағалы бұйымдар экспорты артуы мүмкін Фото: gov.kz

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл келісімнің мақсаты – екі мемлекет арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардың айналымын оңтайландыру. Заң екі мемлекеттің экономикалық өзара іс-қимылын дамытуды және отандық зергерлік өнеркәсіпті қолдауды көздейді.

Келісім Қазақстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасында бағалы металдардан жасалған заттардың саудасын дамытуға, сондай-ақ металдың құрамын қайта тексеру және қосарланған таңбалау рәсімін оңтайландыруға ықпал етеді.

Бұл қадамдар зергерлік заттарды экспорттау кезінде әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

"Конституциялық реформаға сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап заң шығару процедурасы өзгертілді. Енді Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды талқылау қорытындылары бойынша заңды мақұлдау немесе мақұлдамау туралы шешім қабылдайды. Тағы бір ерекшелік – палата отырысында заң бойынша баяндаманы бас комитет уәкілеттік берген Сенат депутаты жасайды", - деді палата спикері Мәулен Әшімбаев.

Осыған байланысты заңға қатысты баяндаманы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Серік Шайдаров жасады.

"Егер бағалы металдардан жасалған бұйымдар импорттаушы тарап мемлекетінің келісіміне және заңнамасына сәйкес келсе, келісімде бір тарапқа екінші тараптың сынама таңбасымен, дайындаушының сәйкестендіру белгісімен және тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес сынама стандартымен әкелінетін бұйымдар, импорттаушы тарапта жаңадан талдауға және таңбалауға жатпайды деп көзделеді", – деп атап өтті Серік Шайдаров.

Бұдан басқа, өз сынамасын бір тарапта тіркеген дайындаушының сәйкестендіру белгісінің иесі екінші тарапта осындай белгіні тіркеудегі талаптан босатылады.

Келісімге сәйкес сынамалық таңбасыз, дайындаушының сәйкестендіру белгісі жоқ және сынамалардың белгіленген стандарттары белгісіз бағалы бұйымдар экспорттаушыға қайтарылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу