Қазақстан ОПЕК+ ұйымында массовка үшін жүр, шығару керек – сарапшы

369

"ОПЕК+ келісімінде Қазақстанның үлесі өте кішкентай".

Қазақстан ОПЕК+ ұйымында массовка үшін жүр, шығару керек – сарапшы Фото: Inbusiness.kz

Қазақстан ОПЕК+ келісімі бойынша қойылған міндеттемелерді орындай алмайды. Себебі елімізде өндірілетін мұнайдың 67 пайызы Қазақстанға тиесілі емес, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қазақстан ОПЕК+ ұйымында жай ғана жүрген мемлекет. Не дауысы жоқ, не қандай да бір шешімге әсер ете алмайды. Сөйте тұра "мұнай державасы" деген имиджді қалыптастырғысы келеді дейді сарапшылар. Сондықтан ендігі келісімде жүрудің ешқандай маңыздылығы жоқ деп есептейді.

Қара алтын өндірісі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты алпауыттардың қолында. Онда ұлттық компания ҚазМұнайГаздың аз-маз үлесі бар. Алайда ондағы қара алтынның өзі ішкі нарыққа емес, сыртқа тасымалданады. Сондықтан оларға Үкіметтің сөзі жүрмейді дейді сарапшылар.

"Қазақстан Опек+келісімі бойынша 2024 жылдың қаңтарынан бастап тәулігіне 1,46 млн баррель мұнай өндіру туралы міндеттеме алған. Бұл келісімді орындай алмайтынын о баста айтқанмын. Себебі Үкімет міндетті орындаймыз десе де, Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз сияқты шетелдік консорциум картельді келісімге араласпайды. Қазақстан Опек+ те массовка үшін жүр. Бірақ бұл шоу ерте ме кеш пе аяқталуы керек. Келісімнен шығуы тиіс. Біздің ел үшін бұл жай имидждік жоба. Әлемге өзін мұнай державасы ретінде көрсекісі келеді. Алайда ешқандай ықпалы жоқ", - дейді сарапшы Олжас Байдильдинов .

Болашақта жоғарыда аты аталған үш алпауыттың үлесі артады. Осылайша ұлттық деген атауы бар мұнай компаниясының өндірісі құлдырайды. Бұл сарапшының алдағы 5 жылға жасаған болжамы. Алайда саланың өзге білгірлері ОПЕК+ келісімінде Қазақстан ірі ойыншы болмаса да пайдасы бар деген пікірде

"ОПЕК+ келісімінде Қазақстанның үлесі өте кішкентай. Бір-екі пайыз десек болады. Бұл жақта енді басты ойын Сауд Арабиясы мен Ресейдің арасында. Олар мысалы млн баррельге дейін мұнай өндірісін щектеп жатыр. Ол Қазақстанның 60 пайызы десек те болады. Қазақстанға қатты әсер етпейді. Қазақстанға басты мақсат мұнай бағасын қалыпты бір деңгейде сақтап қалу", - дейді сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.

Естеріңізде болса, желтоқсан айында ОПЕК мүшесі Ангола ұйым қатарынан шығатынын мәлімдеді. Әлемдік сарапшылар мұны күйреудің нышанына балады. Сондай-ақ Опек пен Опек+ әрекеттері мұнай бағасына қуатты серпін бере алатынына сенбейді. Goldman Sachs аналитиктері 2024 жылы Brent бағасының әрі кетсе, 70 пен 90 доллар арасында құбылады деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу