Қазақстан – Орталық Азияның экономикалық локомотиві – Мемлекет басшысы

570

Елордада "Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында" атты Астана халықаралық форумы өз жұмысын бастады.

Қазақстан – Орталық Азияның экономикалық локомотиві – Мемлекет басшысы Фото: akorda.kz

Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтуде, деп жазады inbusiness.kz.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ең алдымен аталмыш халықаралық форумның негзігі міндет-мақсаттарына тоқталды. 

"Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастар өте қажет. Сын-қатерлерге төтеп беру маңызды. Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс"", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. 

"Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты. Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз", - деді мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан инвесторларының назарына тұрарлық жаңа бизнес алаңына айналған. Өткен жылы Қазақстанның экспорты 40%-ға өсті. Еліміздің ЖІӨ-нің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторында болса да, әртараптандыруға деген ұмтылыс күшейе түсуде. Қазір автомобиль, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау сияқты салаларда өсім айқын байқалады.

"Сондықтан біз іскерлік және экономикалық серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін табуға мүдделі кез келген адамды елімізге шақырамыз", - деп түсіндірді Президент.

Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық гео-саяси жағдайдан тыс қалмай, экономиканың жаңа талаптарға қарай икемдей алды. Мысалы, Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе күшіне енген Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады. 

"Сонымен қатар экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін "Бір белдеу, бір жол" бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді. Біз мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ серіктес әрі дос ретінде қоғамдастықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз", - деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан тек сыртқы саяси алаңда ғана емес, ішкі саясатында да біраз өзгерістерге ұшырап, жаңа реформаларға жолашқанын атап өтті.

Қазақстан ішінде біз әділдік, заң үстемдігі, теңдік және сот төрелігі қағидаттарын енгізу үшін реформалар жүргізуге күш салдық. Менің негізге алған тұжырымдамам: заң және тәртіп.  Бұл "жаңа әділ Қазақстанды" құрудың берік негізі. Өте қысқа уақыт ішінде біз институттарымызды реформаладық, Президенттің өкілеттіктерін шектедік, Конституцияға өзгерістер енгіздік, саяси және экономикалық жүйелерді қайта іске қостық, сыбайлас жемқорлықты жойдық. Сондықтан қазіргі Қазақстан, айталық, екі жыл бұрынғы Қазақстан емес", - деді Президент. 

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев оптимистік көзқараспен алдағы екі күнде өтетін конструктивті талқылау қатысушыларды оңтайлы шешім қабылдауға және алдағы уақытта әріптестікке бағыттайтынына сенім білдіретінін атап өтті.

Жалпы форумға мемлекеттер мен үкіметтердің, ХВҚ, ДСҰ, АДБ, ЕҚДБ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ ПА басшылары, ЭЫДҰ және АҚШ сауда миссиясының өкілдері, сондай-ақ шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері бар 300-ден аса шет ел делегаттары қатысады. Олар екі күн ішінде мемлекетаралық ынтымақтастық және жаңа жаһандық әріптестікті қалыптастыру модельдерін қарастырады.

Форум аясында аталған бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессиялар, бейресми пікірталастар және басқа да бағдарламадан тыс іс-шаралар өткізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу