Ма Синжуй Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын, сондай-ақ "Бір белдеу, бір жол" форумында көтерілген бастамалардың мәні зор екенін айтты. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты мәлімдеді.
– Біз ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда, энергетика салаларына баса мән бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз. Сонымен қатар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоямыз. Қазақстанға немесе Шыңжаң өлкесіне инвестиция құйып, бизнес ашуды көздейтін бірлескен кәсіпорындарды ынталандырамыз, – деді Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы.
Ма Синжуй Қазақстан Президентінің Шыңжаңға сапарын тарихи оқиға ретінде бағалап, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығы біздің елмен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге және тұрақты байланысты сақтауға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу соңында Қазақстан Президентінің Шыңжаң өлкесіне сапары аймақаралық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына ықпал ететіні атап өтілді.