Бұған дейін ресейлік шенеунік Ресейдің Қорған және Түмен облыстарындағы су тасқынына Қазақстанның су қоймаларынан жіберілген су әсер еткенін айтқан еді.
"Тобыл өзеніндегі су Ресейден келеді. Тиісінше, суды ағызу туралы шешім Ресейден келетін ағындар негізінде қабылданады. Сондықтан Ресейдегі су тасқынына Қазақстан әсер етеді деу дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды", – делінген министрлік хабарламасында.
Владимир Якушев өз мәлімдемесінде Қорған және Түмен облыстарындағы су тасқыны мәселесін болдырмау үшін қазақстандық әріптестерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырған.
"Бізде осындай қыс болған кезде және қардың жеткілікті мөлшері жауып, су қоймасында айтарлықтай көп су жиналатын болса, онда бұл суды ағызып жіберу үшін әріптестерімізбен осы мәселе бойынша жұмыс істеуіміз керек. Су қоймалардан келісілген, дұрыс және біркелкі түрде жіберілу керек", – деді Якушев.
Министрлік мәліметінше, 2 сәуірден бастап Қазақстан Тобыл өзені бойындағы суды ағызу бойынша қабылданған шешімдер туралы ресейлік әріптестерін хабардар етіп келеді.
"Екі жақ судың көбеюі немесе азаюы бойынша тәулік бойы ақпарат алмасады. Ешқандай келісілмеген әрекеттер туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Қазақстан Ресеймен тату көршілік әріптестік рухында ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды жалғастыруға дайын", – делінген хабарламада.
Су ресурстары және ирригация министрлігі шын мәнінде судың Қазақстанға Ресейден келетініне назар аударуға шақырды, керісінше емес. Бұл жағдайда Қазақстаннан жіберілген су Ресей облыстарын басып қалды деу шындыққа жанаспайды.