"Теміржол саласының дамуына қатысты шаралар Қазақстанның транзиттік дәліздерін дамытумен ұштастырылған. Қазіргі таңда "Солтүстік-Оңтүстік" және "Транскаспий" транзиттік дәліздерінің қабілетін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдегі дәстүрлі қалыптасқан логистикалық бағыттардың өзгеруіне байланысты Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің маңыздылығы күннен күнге артып келеді", – деді М.Қарабаев.
Министрдің сөзінше бұл дәліздің жүк тасымалдау әлеуеті жылына 10 млн тоннаға жеткен.
"Дәліздің әлеуетін ескере отырып, оның өткізу мүмкіндігін 20 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін биыл шілде айында Иран, Түркменстан және Ресеймен аталған дәлізді синхронды дамытуға бағытталған Жол картасына қол қойылды. Осы бағыттағы транзиттік тасымалдарға 50% көлемінде арнайы тарифтік жеңілдіктер орнатылды.
Одан басқа, Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытында Біріккен көлік-логистикалық компаниясының үлгісі бойынша Біріңғай логистикалық оператор құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан мен Ресей аталмыш бірлескен кәсіпорын құру үшін дайындық жұмыстарын аяқтады. Түрікмен тарапынан осы жобаға қатысу мәселесі бойынша шешім күтілуде", – деді ведомство басшысы.