Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанға ортақ мәселелер талқыланды

1478

Елордада терроризм, экстремизм және адам құқына қатысты азаматтық  ынтымақтастық туралы жазылған зерттеу жұмысының таныстырылымы өтті.

Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанға ортақ мәселелер талқыланды

Елордада терроризм, экстремизм және адам құқына қатысты азаматтық  ынтымақтастық туралы "Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстандағы антиэкстремистік саясат. Салыстырмалы шолу" тақырыбына жазылған зерттеу жұмысының таныстырылымы өтті. Орталық Азия және Ресейден келген құқық қорғау ұйымдары өкілдерінің айтуынша, осы төрт елде де терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жүргізуде адам құқының сақталуы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс.

"Қадір-қасиет" қоғамдық бірлестігінің заңгері Мәдина Ахметова еліміздің экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында заңдар, баптар, тараулар мен тармақшалар өте көп болғандықтан, кейде тероризм мен экстремизм арасындағы айырмашылықты түсінуде қиындық туындайтынын айтты.

Осы қоғамдық бірлестіктің сарапшысы Анар Ибраева Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанда адам құқығы қалай сақталатынына тоқталды.

"Қазір төрт елдегі жағдай бірдей деуге болады. Бірақ әр елдің өз ерекшелігі бар. Мемлекеттің де, қоғамның да санасына үрей ұялаған. Мысалы, Тәжікстанда азамат соғысының басталып кетуінен қорқады. Ол елде 90 жылдардың ортасында соғыс болып, бір ұрпақ жойылып кетті. Сол себепті, қоғамның қорқуы орынды. Ол елде біздегідей бейбіт шеруге шығу мүлде жоқ. Иә, адамдар ұсталып, айыппұл төлеп, ескерту алып жатыр. Дегенмен артықшылықтар да, кемшіліктер де бар. Қырғызстанда еркіндік болғанымен, адамдар діни экстремизмнен қауіптенеді. Ал Ресейде экстремизмнің жаппай саяси сипат алуынан сескенеді", – деп түсіндірді сарапшы.

Әскер қатарына шақырылушылар мен әскерилер құқығы жөніндегі Тәжікстандық сарапшы Мұзафарджон Бободжонов өз елінің ерекшелігі жайлы айтты.

"Тәжікстанда терорризм мен экстремизмнің саны туралы ресми ақпарат жоқ, алайда БАҚ көздерінің хабарлауынша, 2 мың адам "Ислам мемлекеті" ұйымына кіріп, 1400 адам терорризм мен экстремизм үшін жауапқа тартылған. Оның арасынан 500 адам рақымшылық алды. Айта кету керек, лаңкестер мен экстремистерге түрме кері әсер етеді. Сол себепті, лаңкестер мен экстремистер үшін арнайы казарма түріндегі түрме салынады. Оларды бөлек ұстау қажет. Тәжірибеден байқағанымыз, екі лаңкестің жанына бұзақылық қылмыс жасаған адамды отырғызсақ, бір жылдан кейін ол да лаңкес болып шығады. Бүгінгі күні сөз бостандығы мен жеккөрушілікке шақыру арасындағы нәзік шекара тепе-теңдігін сақтау оңай емес", - деді Тәжікстандық сарапшы.

Зерттеу жұмысында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан экстремизмді дұшпандық таныту және мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін сөздер айтып, іс-әрекет жасау ретінде түсіндіретіні айтылған. Яғни, нақты зорлық-зомбылық жасамай, тек ксенофобия таныту да мемлекетке қарсы іс-әрекет ретінде қабылданады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу