ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Өзбекстанда өтіп жатқан Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-шы саммитінде ұйымға мүше елдер арасында көлік-логистикалық жүйелердің интеграциясын тереңдету мәселелері бойынша бірлескен жұмысты күшейту қажеттігін айтты. Бұл туралы Inbusiness.kz сайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Әлихан Смайыловтың сөзінше, ЭЫҰ-ға мүше 10 мемлекеттің жетеуінің дүниежүзілік мұхитқа шыға алмайтындығына байланысты аймақтың өзара көлік байланысын дамыту маңызды.
Бүгінде Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық бере отырып, инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларға белсенді түрде қатысуда. Оның әлеуетін арттыру мақсатында Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия мемлекеттері 2027 жылға дейін "тар" жерлерді синхронды жою және Орта дәлізді дамыту бойынша Жол карталарын іске асыруда.
"Олар маршруттың өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді", — деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің сөзінше, Өзбекстаннан Қазақстанның батыс аймақтарына тікелей қатынасты қамтамасыз ету үшін "Бейнеу-Шалқар" автожолы салынады, ол 8-ші ТРАСЕКА жол дәлізін құру жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік береді.
"Каспий теңізіндегі порттарымыздың әлеуетін белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз. Ақтау портында контейнерлік хаб және Құрық портында “Саржа” көпфункционалды терминалы салынады. Орталық Азия елдері үшін Қытаймен өткізу пункттерінде бөлек станциялық жолдарды салу жоспарлануда. Біз бұл бағыттағы жүк айналымын жүйелі түрде арттырып, 2030 жылға қарай оны жылына 500 мың контейнерге жеткізуді көздеп отырмыз", — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр оған қоса Қазақстан Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылдап жатқанын айтты. Осы бағытты дамыту мақсатында Иран, Түрікменстан және Ресеймен бірлестікте тиісті Жол картасы іске асырылуда. Бұл дәліздің өткізу қабілетін 2027 жылға дейін 10 млн-нан 15 млн тоннаға дейін арттырады.
"Қазақстан-Түрікменстан-Иран" теміржолы Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы ЭЫҰ мемлекеттері арасындағы ең қысқа жол ретінде ерекше маңызға ие. Осы жылдың 9 айында аталған бағыт бойынша Иранға қарай жүк ағыны 9%-ға артып, 1,5 млн тоннадан асты.
"Жалпы әкімшілік кедергілерді жою, көлік-логистикалық жүйелердің интеграциясын тереңдету мәселелері бойынша бірлескен жұмысты күшейткен жөн", — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр ынтымақтастықтың тағы бір маңызды басымдығы ретінде индустриялық кооперацияны айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда ЭЫҰ елдерімен 13 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, оның 1 800-ге жуығы өткен жылы ғана қосылды.
"Қазіргі уақытта ЭЫҰ елдерімен машина жасау, металлургия, жеңіл және химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және жер қойнауын пайдалану сияқты салаларда жалпы құны шамамен $2,7 млрд-ты құрайтын 26 жоба жүзеге асырылуда. Бизнес-серіктестерді жаңа жоғары технологиялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз", — деді Премьер-Министр.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Қазақстан ЭЫҰ қағидаттарына берік және ортақ биік мақсаттарға қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты.