Қазақстан-Вьетнам: Екі елдің саяси байланысы ерекше

5-7 мамыр аралығында Қазақстанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Лам келеді.  

Қазақстан-Вьетнам: Екі елдің саяси байланысы ерекше Фото: informburo.kz

Мемлекеттік сапар аясында сауда-экономикалық, инвестициялық, гуманитарлық салаларды қамтитын бірнеше келіссөз өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Аталған сайттың аналитикалық шолушысы "Соңғы 30 жылдан астам уақытта екі ел байланысы қалай нығайды?" деген сауалдарға жауап іздеп көрген. 

Қазақстан мен Вьетнам 2 жыл бұрын 12 құжатқа қол қойды

Вьетнам – Қазақстаннан шалғай орналасса да, еліміз тәуелсіздік алғанда тез мойындаған мемлекеттің бірі. Сыртқы істер министрлігі Вьетнам 1991 жылдың 27 желтоқсанында Қазақстанның тәуелсіздігін мойындағанын растайды, көп ұзамай, яғни 1992 жылы 29 маусымда екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнай бастады. 

1994 жылдың маусымында Вьетнам премьер-министрі Во Ван Киет Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді. 2011 жылы қазан айының соңы мен қараша айының басында сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнамға ресми сапары өтті. Бір жылдан кейін Вьетнам басшысы Чыонг Тан Шанг Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Мұнан кейін де барыс-келіс, қарым-қатынас үзілмеді. 2022 жылы Вьетнамның вице-президенті Во Тхи Ань Суан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің алтыншы саммитіне қатысу үшін Қазақстан астанасына келген. Бұл сапарда ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты кездесулер өткізген. 

2023 жылғы тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапармен барды. Онда ел президентін лауазымды тұлғалар күтіп алып, бірнеше маңызды келіссөздер ұйымдастырылды. Сол жолғы сапарда Қазақстан мен Вьетнам арасында 12 құжатқа қол қойылды. 

Мұнан бөлек, қос ел парламентаралық, партияаралық ынтымақтастықты, жоғары деңгейдегі және сыртқы істер министрліктері деңгейіндегі байланыстарды қолдап отырады. Парламентаралық байланыстарды нығайту мақсатында достық топтары да құрылған.

Екі елдің алыс-берісі не?

Кейінгі 3 жылдықта Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы қарқынды өсіп жатыр. Мысалы, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, екі ел 2022 жылы – 600 млн доллар, 2023 жылы – 979,2 млн доллар, 2024 жылғы қаңтар-қазан айларының арасында 752,8 млн долларға сауда жасасқан. Алдағы жоспар – межені 1,5 млрд долларға жеткізу.

Екі ел бір-біріне қандай тауарларды экспорттады? Қазақстан тарапы 2024 жылғы қаңтар-қазан аралығында 192 млн долларға 94,1 мың тонна экспорт жасаған. Оның ішінде өңделмеген металдар, тоқыма өнімдері, өңделмеген цинк, наушниктер, балыққа арналған жем, дайын түрдегі тауық, сиыр, шошқаның ішек-қарны, басқа да құрылғылар бар.

Ал Вьетнам бізге 560,7 млн долларға 24,1 мың тонна зат жеткізген. Көбіне смартфондар, теледидар, аяқкиімдер, шаңсорғыш, принтер, жаңғақ, сөмкелер, шиналар, дәмдеуіштер келген.

Мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас та нығайып келеді

2012 жылы Қазақстанда Вьетнамның мәдени күндері өтсе, араға бір жыл салып Вьетнамда Қазақстанның мәдени күндері өткен болатын. Сонымен қатар, 2013 жылдан бері Ханой педагогикалық университетінде Абай атындағы ғылым және мәдениет орталығы жұмыс істейді. 2014 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Вьетнам мәдениет және білім орталығының ашылу салтанаты өтті. 

2020-2023 жылдар аралығында Абайдың "Қара сөздер" кітабы вьетнам тілінде ұсынылды, VTV-1 мемлекеттік телеарнасында және Ханойдағы ұлттық кино орталығында "Алмас қылыш. Қазақ хандығы" вьетнам тілінде көрсетілген. Дананг қаласында Қазақ киносы күндері өтіп, "Қазақ ертегілерінің" үш томы жарық көрген, Ілияс Есенберлиннің вьетнам тіліндегі "Көшпенділер" тарихи трилогиясы таныстырылған.

Вьетнам Оңтүстік-Шығыс Азияда өте перспективалы ел саналады

Қытайтанушы, China Center Қытай зерттеулері орталығының директоры Әділ Қаукеновтің сөзінше, Вьетнам – қазір экономикалық, әскери және сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан, жалпы ішкі өнімі, халқы мен қуаты үлкен, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Демек, Вьетнам өзінің өңірінде, Оңтүстік-Шығыс Азияда өте перспективалы ел саналады.

– Қазақстан мен Вьетнамның ортақ шекарасы жоқ екені түсінікті. Бұл екі елдің өзара байланысына белгілі бір шектеулер қояды. Алайда бұл елдің қазіргі дамуын елемеуге болмайды.
Мысалы, Вьетнам мен АҚШ арасындағы күрделі тарихқа қарамастан, Америка президенттері де Вьетнамға барды. Сонымен қатар, Вьетнам Қазақстан кіретін ЕАЭО-мен жақсы жұмыс істейді, себебі оның Ресеймен бұрыннан келе жатқан тығыз байланыстары бар. Саяси және экономикалық қатынастары жақсы болғандықтан, олар теңіз жолдарын, әсіресе Владивосток порттарын пайдалана алады. Сол порт арқылы немесе Қытай арқылы Вьетнаммен сыртқы сауданы дамыту мүмкіндігі бар. Бұл бағыттар Вьетнам үшін де пайдалы, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, ол осы күні Вьетнамның туризм жағынан да белсенді дамып жатқанына назар аударды. Елде халықаралық деңгейдегі жаңа жағажайлар ашылып жатыр, олар қазақстандық туристерге ұнап үлгерді. Қазақстаннан Вьетнамға тікелей чартерлік және кейбір тұрақты рейстер бар.

– Бірақ бұл әлеует толық іске аспаған. Шын мәнінде, Астана мен ірі қалалар арасында тұрақты рейстердің жетіспеушілігі байқалады. Мысалы, Ханой мен Хошимин бағыты. Қазақстан да Орталық Азияда даму қарқыны жоғары ел болғандықтан, екі ел арасында қайшылық жоқ, керісінше, туризм мен сауда салаларында ортақ қызығушылықтар бар. Мұның бәрін дамытуға болады, – деп толықтырды Әділ Қаукенов.

Қазақстан азаматтары үшін визасыз елге айналған

Қазір VietJet атты ірі вьетнамдық әуекомпания Қазақстан нарығына кірді, бірақ әзірге тек туристік бағыттармен шектелуде. Бұл Қазақстан қалалары мен Вьетнамның даму орталықтары арасында байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Егер іскерлік қатынастар мен өзара инвестициялар жайында айтатын болсақ, тек туристерге емес, бизнес байланыстарын да нығайту үшін тұрақты рейстер қажет болмақ.

– Вьетнам Қазақстан азаматтары үшін визасыз елге айналды. Бұл – саяси қадам, бірақ екі тарап үшін де үлкен пайдасы бар. Вьетнам қазақстандық туристер ағынын қабылдап жатыр, ал қазақстандықтар үшін бұл – жақсы мүмкіндік. Қазақстанда шетелге жиі шығатын орта тап бар. Осы факторлар қазақстандық төлқұжаттың құндылығын арттырады. Ал Еуропалық Одақ Қазақстан азаматтарына әлі де сәл суық қарайды, себебі шенген визасын алу өте қиын. Уәде бергенімен, шын мәнінде кедергілер көп. Ал Вьетнам керісінше, Қазақстан азаматтарына, төлқұжатына құрмет көрсетіп отыр. Бұл – өте маңызды жайт, – дейді сарапшы.

Сөзін қорытындылаған Әділ Қаукенов "Қазақстан Вьетнамға не ұсына алады?" деген сұраққа жауап іздеді.

Оның айтуынша, Вьетнам бізге туризмді, теңізді, инвестиция мүмкіндіктерін беріп отыр. Ал Қазақстан Вьетнам үшін бизнесін кеңейтуге арналған алаң бола алады. Вьетнамдық кәсіпкерлердің Қазақстанға инвестиция салып, пайда көру мүмкіндігі бар. Бұл жұмыс орындарын ашуға, салық төлеуге және жаңа технологиялардың келуіне жол ашады. Сол себепті, вьетнамдық инвестицияларды тарту маңызды әрі қажетті міндет болып қала бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу