Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қойды

645

Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қойды

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуының 26-жылдығына орай, БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 9 қаңтардағы №617 Жарлығымен берілген өкілеттілікке сәйкес, Шартқа БҰҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілі Қайрат Омаров қол қойды.

Ядролық қарусыздану тарихындағы алғашқы заңдық күші бар құжатқа айналған Шарттың мәтінін әзірлеуге және оның қабылдануына Қазақстан белсенді түрде қатысып келді. Құжаттың негізгі ережелері әлемдегі төртінші ең ірі ядролық арсенал иесінен ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы көшбасшы мемлекетке айналудың өнегелі жолын көрсеткен Қазақстанның қағидатты ұстанымына жауап береді.

Білетініміздей, жаппай қырып-жою қаруының үш түрінен (ядролық, химиялық және биологиялық) ядролық қаруға ғана заңды түрде тыйым салынбаған болатын. Осыған байланысты Шарттың негізгі түйіні ядролық қаруға толық тыйым салу туралы ережелерді қамтитын "Тыйым салу" атты 1-бабы болып табылады. Аталмыш шарт халықаралық құқықтық саладағы осы бір заңдық кемшілікті жоюға бағытталған және ол ядролық қаруды жоюдың алғашқы қадамына айналып отыр.

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт 2017 жылғы 7 шілдеде БҰҰ-ның 122 мүше-мемлекетінің қолдауымен қабылданды. Бұл құжат 2017 жылдың наурыз және маусым-шілде аралығында Нью-Йорк қаласында өткен Ядролық қарудың түбегейлі жойылуына әкелетін ядролық қаруға тыйым салу туралы заңдық міндеттеуші күші бар құжат әзірлеу бойынша БҰҰ конференциясының екі сессиясының қорытындысы негізінде пайда болды.

Конференция БҰҰ-ға барлық мемлекеттер қатысуы үшін ашық түрде өткізілді. Алайда де-юре және де-факто ядролық қаруы бар тоғыз мемлекет және олардың одақтастары аталған келіссөздерге қатысудан әдейі бас тартты.

Осы күнге дейін Шартқа 56 мемлекет қол қойып, олардың ішінде бесеуі оны ратификациялап үлгерген. Қазақстан бұл құжатқа 57-ші мемлекет ретінде қол қойды. Шарт елуінші ратификациялық грамотасы сақтауға өткізілгеннен кейін 90 күн өткен бойда өз күшіне енетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу