Мұндай пайымды пікірді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, мұны жай ғана сәттілік немесе кездейсоқ жағдайға балауға әсте болмайды.
– Бұл – әлемдік аренада өз болмысын дәлелдеген мақсатты стратегияның нәтижесі. Орасан зор дипломатиялық тәжірибесінің арқасында әлем картасындағы еліміздің болашағын көре білген Президентіміз бар деген сөз, - деді ол "Түркістан" газетіндегі мақаласында.
Осы орайда, біз еліміздің жаһандық және бітімгершілік бастамалардағы орны туралы журналист Дәурен Сейітжанұлынан пікір сұраған едік. Кейіпкеріміз де Мәулен Әшімбаевтың "Реформалардың мәні – 6: Құбылмалы әлемдегі стратегиялық мүмкіндіктер" атты мақаласымен жете таныс екенін жеткізді.
Айта кетейік, көлемді, жан-жақты әрі жүйелі сараланып, сарапталып жазылған мақала Президент саясатын сипаттаған 7 бөлімнен тұрады.
– Сенат төрағасының мақаласынан аңғарылатын негізгі мәселе – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы 7 жылдық мерзімінде ұсынған реформалары тек сыртқы саясат пен экономикада ғана емес, елдің ішкі даму логикасын да түбегейлі өзгерткені. Соңғы жылдары Қазақстан жаһандық өзгерістерге бейімделе алатын икемді модель қалыптастырды. Бұл, ең алдымен, геосаяси тәуекелдерді дұрыс бағалап, ұлттық мүддені сақтай отырып, жаңа мүмкіндіктерді пайдалана білу қабілетінен көрінеді.
Қазақстан бұрынғыдай тек ресурстық ел ретінде емес, жаңа жаһандық жүйеде маңызды байланыстырушы буынға айналып келеді. Ел аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі (5 теміржол, 7 автожол) бүгінде нақты экономикалық әрі геосаяси артықшылыққа айналды. 2025 жылы транзит көлемі 36,9 млн тоннаға жетіп, өсім 6,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш елдің Еуразия кеңістігіндегі рөлінің күшейгенін дәлелдейді. Сонымен қатар, контейнерлік тасымалдың 29%-ға артуы Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп жатқанын көрсетеді, – деді ол.
Журналистің сөзінше, ішкі саясатта да айтарлықтай өзгеріс бар. Соңғы жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде ашықтық күшейіп, қоғаммен диалог жаңа деңгейге шыққаны жасырын емес.
– Азаматтардың саяси белсенділігі артып, реформаларға қатысуы күшейді. Бұл – саяси мәдениеттің өскенінің нақты белгісі. Оған нақты мысал ретінде кеше ғана өткен референдумда халықтың жаңа Конституцияны қолдаған 87,15% көрсеткішін айтуға болады.
Экономикалық бағытта әртараптандыру саясаты айқын нәтиже бере бастады. Қазақстан Орталық Азия елдерімен сауда көлемін $8,8 млрд-қа дейін жеткізіп, 14,4%-ға өсім көрсетті. Ел бір ғана шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, жаңа салаларды дамытуға бет бұрды. Инфрақұрылым, логистика, цифрландыру және технологиялық бағыттардағы бастамалар – осының дәлелі. Бұл экономиканың тұрақтылығын арттырып, сыртқы тәуекелдерге тәуелділікті азайтады.
Жалпы алғанда, қазіргі кезең – реформалардың нәтижесін көру ғана емес, оларды нақты іске асыру кезеңі. Ендігі басты міндет – қалыптасқан стратегиялық бағытты сақтап, сапалы институционалдық өзгерістерді жалғастыру. Сонда ғана басталған жаңғыру үдерісі тұрақты дамуға ұласып, Қазақстанның жаңа моделін толық қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп сөзін қорытындылады Дәурен Сейітжанұлы.