"QazAvtoJol" ұлттық компаниясы ел аумағында газ құю бекеті салмақшы. Мұндай ақпаратты компания қызметкерлері Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларының кәсіпкерлерімен кездесуде айтты. Жоба "ҚазТрансГаз" акционерлік қоғамымен бірлесіп жүзеге асырылады.
"Түркістан облысының жолдарында қызмет көрсететін газ құю бекеттерінің тек 32 пайызы, Жамбыл облысындағы 61 нысанның 41 пайызы ұлттық стандарттарға сәйкес. Жоспар бойынша газ тартылған өңірлерде 100 стансаның құрылысы көзделген. Оның жанында кемпинг, қонақ үй, сауда орындары, техникалық қызмет көрсету стансасы, көлік жуу орындары, заманауи дәретханалар мен көлік тұрағы орнатылады",– делінген "QazAvtoJol" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Аталмыш жоба "QazAvtoJol" және "ҚазТрансГаз" компанияларының арасындағы газды жанармай ретінде өндіру туралы меморандум аясында іске аспақ. Меморандум шарты бойынша қос тарапқа "Батыс Еуропа – Батыс Қытай"халықаралық дәлізінің қазақстандық бөлігінде газ құю бекеттері мен жол бойындағы сервис нысандарын салуды міндеттейді.