Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Astana Hub Білім беру бағдарламалар офисінің директоры Дәулет Беймурзинов IT-Aiel бағдарламасы аясында білім алған қазақстандық әйелдерге мүмкіндіктер жасалғаны туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Дәулет Беймурзиновтың айтуынша, Astana Hub-та IT кәсібіне үйретуге, баулуға арналған білім бағдарламалары көп. Сарапшы әйелдерге No Code бағдарламасына ерекше көңіл бөлуге кеңес берді. Себебі, IT-Aiel бағдарламасының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі No Code School саналады, оның мақсаты – қатысушыларға және IT-өнімдерді бағдарламалауды қажет етпестен тез жасауды, сондай-ақ стартап-жобаларды құрудың және оларды дұрыс тестілеудің негізгі принциптерін үйрету. Бағдарлама тыңдаушылары лендингтер, сайттар, мобильді қосымшалар, чат-боттар мен маркетплейстер құруға арналған өзекті no code құралдарын зерделеу бойынша материалдар ұсынылатын онлайн сабақтарға қатысады.
"2024 жылға қарай No Code-тың дамуына байланысты барлық бағдарламалаушылардың 65% No Code жүйесіне өтетін болады. Бұл қазір нарықтағы үлкен тренд", – деді Дәулет Беймурзинов.
Сондай-ақ Astana Hub білім беру бағдарламалары кеңсесінің директорының айтуынша, IT-Aiel бағдарламасына Қазақстандағы фриланс-экономиканы қолдау және цифрлық алаңдарда фрилансер әйелдердің үлесін арттыру мақсатында Freelance School курсы енгізілді.
Оқу қорытындысы бойынша IT-Aiel бағдарламасының барлық түлектері курстардың сәтті өткенін растайтын электрондық сертификаттар алады. Сондай-ақ бағдарламаның ең белсенді және талантты 100 қатысушысы Astana Hub-қа сертификаттарды салтанатты тапсыру рәсіміне шақырылады, онда олар өз тәжірибесін және идеяларын бөлісіп, одан әрі кәсіби тұрғыдан даму үшін қолдау мен шабыт таба алады.