Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиоxирургия орталығында 60 жастағы ер адамға жасанды жүрек имплантанциясы жасалды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
"Бұған дейін оның созылмалы жүрек ауруы болған. Оның өмірін тек жасанды жүрек имплантациясы ғана құтқаратын еді. Донор да табылмады. Сол себепті біз жасанды жүрек отасын жасағанды жөн көрдік. Қазір пациенттің жағдайы жақсы. Емxанадан шығуға дайындалып жатыр. Ота жасалғалы бері бір жарым ай өтті. Бәрі ойдағыдай. Ешқандай ақаулықтар байқалмайды", - деді Ұлттық кардиоxирургия орталығының басшысы Юрий Пя Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Алдағы уақытта осы іспетті тағы төрт отаны жасау жоспарланып отыр. Оның айтуынша, жасанды жүрек - "Carmat SA" атты француз компаниясының өнімі. Компания мамандары аталған құрылғыны Еуропаның аэроғарыш және қорғаныс концернімен бірлесіп шығарды. 2013 жылы "Carmat" маркалы жасанды жүрек алғаш рет сынақтан өтті. Оны 76 жастағы қарияға салып берген. Тура 74 күннен кейін ол қайтыс болды. Ал кейінгі пациенттер жасанды жүрекпен 8-9 ай жүрді. Сол кезде компания жаңа аппараттың бір ақаулығын анықтады. Жасанды жүректі ұзақ пайдаланғаннан кейін қан моторға кетіп отырған. Артынан ол ақаулық жөнделді.
Айта кетейік, жүрек жұмысын ұстап тұруға арналған құрылғылардың басты мақсаты - пациенттің өмірін ұзарту, донор табылғанша адап өмірін сақтау. Ал "Carmat" іспетті аппараттар бұрынғы жүректі толығымен алмастыруға арналған. Оның қазіргі бағасы - 1 млн еуро.
"Мемлекет те, орталық та оған ақша жұмсап жатқан жоқ. Француз компаниясы өз аппаратын сынақтан өткізіп жатыр. Сол себепті бәрін тегін берді. Бәрі сәтті болса, жасанды жүрек аппараттары көптеп шығарылады. Ол кезде бағасы да төмен болады", - дейді ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева.