"Атамекен" ҰКП өкілдері Қазақстан астығы не себепті өзінің бәсекелестігін жоғалтып отырғандығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Шынымен де, бидайдың үлесі егіс алқаптары құрылымында 55 пайыздан астам. Ал ішкі қажеттілікке 9-9,5 млн тонна көлемінде керек, оның ішінде жем және тұқым қоры да бар. Өткен жылы 20 млн тонна астық бастырылса, соның 15 млн тоннаға жуығы бидай. Бұл ретте астық пен ұн экспортын ескере отырып, жыл сайын 7-8 млн тонна сыртқа шығарып келеміз. Соңғы 5 жылда орташа өнімділік гектарынан 12 центнерден аспады, яғни бұл көрсеткіш 1 тоннадан сәл астам. Өткен жылмен қарасақ, бір гектарға жұмсалатын шығындар 35-40 мыңды құрайды. Сонымен қатар, өнім құны да сол деңгейде болды. Гектарынан бір тоннаны ала отырып, тек жұмсаған шығындарды ғана өтеп отырды", - деді "Атамекен" ҰКП агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Жанна Ақышева.
Оның сөзіне қарағанда, басқа елдерде жауын-шашынның дәл осы деңгейінде астық шығымдылығы гектарынан 3-5 тоннаға дейін жетеді. ҰКП өкілдерінің мәліметінше, соңғы жылдары Ресейде тиімді техника мен жақсы тұқымды пайдалану есебінен астық өнімділігі күрт артты.
"Бұл нені білдіреді? Баламалы нұсқа ретінде жоғары табыс әкелетін дақылдарға көшу керек, яғни зығыр, рапс, жасымық, картоп егуге бетбұрыс жасаған жөн", - деді Ж. Ақышева.
Оның айтуынша, бір гектар картопты өсіруге шамамен 450 мың теңге жұсалады. Ал бір тонна картоптан түсетін пайда 55 теңгені құрайды. Орташа алғанда, бір гектардан 25 тонна картоп өсіруге болады.
"Осы тектес өнімді жоғарыда аталған дақылдардан да алу мүмкіндігі бар. Бұл баламалы нұсқалар, сәйкесінше, табысы жоғары дақылдарға көшу керек. Сонымен қатар, аталған дақылдар экспортқа негізделгендіктен, жоғары жалпы табысты береді және шығындардың өзіндік құны да төмен", - Жанна Ақышева.