2025 жылдың шілдесінен бастап Қазақстанда жаңа отбасылық орналастыру түрі – баланы қабылдаушы кәсіби отбасы енгізіледі.
Қазақстанда қазіргі таңда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны 20 798-ді құрайды. Олардың ішінде 17 110 бала қазақстандық отбасыларында тәрбиеленуде, ал 3 688 бала балалар үйі мен интернаттық ұйымдарда тұрады. Балаға отбасы жағдайында өмір сүру құқығы балама отбасылық орналастыру формалары арқылы жүзеге асырылады, бұл – бала асырап алу, қорғаншылық (қамқоршылық), патронаттық тәрбие және қабылдаушы отбасы.
Премьер-Министрдің мәліметі бойынша, жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекет тарапынан ай сайынғы жәрдемақы (әр балаға 10 АЕК), патронат тәрбиешілер мен қабылдаушы ата-аналарға қызмет ақысы (2023 жылы төлем көлемі 58 мыңнан 137 мың теңгеге дейін екі есеге артты), асырап алушыларға біржолғы жәрдемақы (75 АЕК) төленеді. Сонымен қатар, бала асырап алушылар мен қамқоршыларға бала күтімі бойынша демалыс беріледі, әлеуметтік төлемдер жүргізіледі, салық жеңілдіктері қарастырылған.
2025 жылдан бастап отбасылық орналастырудың жаңа түрі – баланы қабылдаушы кәсіби отбасы енгізіледі. Бұл шара жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды интернаттық ұйымдарға жіберместен, осы кәсіби отбасыларда орналастыруға мүмкіндік береді. Баланы қабылдаушы кәсіби отбасыларға ай сайын баланы күтіп-бағуға жәрдемақы (10 АЕК) және кәсіби тәрбиешілердің қызметіне ақы (70 АЕК) төленетін болады. Бұл шаралар жетім балалар санының соңғы 5 жылда азаюына (2021 ж. – 22 692, 2025 ж. – 20 798) ықпал етті.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен отбасылық орналастырудың жаңа формалары, сондай-ақ баланы қабылдаушы кәсіби отбасылардың материалдық ынталандыруы олардың өміріне оң әсер етеді.